9 Қаңтар 17:44
...

Байтұқ неге байбалам салып жүр?

Фото:

Апта басында Алматыда өткен кезекті сот процесінде атышулы банкир Жомарт Ертаев RBK банктен 144 миллиард теңге ұрлағанын мойындады. «Қысым көрдім» деп Мәскеу асып, Ресейден азаматтық сұрап, екі елдің арасын шаңдатқан Ертаев осылайша тәубесіне келген...

Тілшіміз журналистік зерттеу жасау үшін ашық ақпарат көздерінен Ж.Ертаев пен RBK банк туралы дерек іздеп отырып, қызық жайтты көзі шалыпты. ҚР Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсы www.adilet.gov.kz сайтындағы «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімінде» аты-жөні елге белгілі блогер Ғалым Байтұқ жүр. Блогердің жалпы қарызы – 13 миллион 629 мың 889 теңге. Оның 2 936 455 теңгесі – жеке адамға қарызы, қалғаны – RBK банкке берешегі.  

Алғашқы қарыз бойынша іс Нұр-Сұлтан қаласының №1 Алматы аудандық сотында қаралып, 2017 жылдың 12 шілдесінде жеке сот орындаушы Ермек Жұмаханұлы Махидовтың орындау өндірісіне түскен. Сот шешімі бойынша Ғалым Байтұқ Айнұр Ораққызы Сағадиеваға 2 936 455 теңге төлеуі тиіс болған. Іс сот орындаушыларына жіберілгеніне және сот шешімі шыққалы екі жарым жыл өткеніне қарағанда, блогер қарызын өтеуге әлі де асықпайтын сыңайлы.

Екінші қарыз бойынша шешімді тағы сол Нұр-Сұлтан қаласының №1 Алматы аудандық соты шығарған. Орындау өндірісіне түскен күні – 2018 жылдың 5 қаңтары. Байтұқ Ғалым Симбекұлын сот RBK банкке 5 795 717 теңге төлеуге міндеттеген. Блогердің мұны да төлегісі келмесе керек, іс Нұр-Сұлтан қаласының жеке сот орындаушысы Дәурен Қайратұлы Дидарбековке түскен.

Ал енді үшінші қарыз бойынша тағы да Нұр-Сұлтан қаласының №1 Алматы аудандық соты 2019 жылдың аяғында – 11 желтоқсанда шешім шығарып, Ғалым Байтұқтан 4 895 717 теңгені RBK банктің пайдасына өндіріп беру үшін Нұр-Сұлтан қаласының жеке сот орындаушысы Шынар Төлегенқызы Ықыласоваға жолдаған.

Тілшіміз алдымен блогер Ғалым Байтұқтың өзіне хабарласқан. Мәселенің мән-жайын түсінген блогер мысқылдай күліп, өзінің қонақта отырғанын айтыпты да, ертең хабарласуды өтінген. Блогердің ертеңі 7 қаңтар – мерекелік демалыс күніне түскендіктен, тілші оны мазалауды жөн көрмепті.

Алайда, блогер мереке күні бос жатпаған сыңайлы, кеше ол Фейсбук парақшасына әдепсіз суретімен қоса жазба жариялап, «аты ерекше сайт пен тегі орысша ұзын бойлы жігітті әлдебір органның қаржыландыратынын» айтыпты. Өзінің айтуынша, Bek Air компаниясына байланысты індетіп жазып жүргендіктен, үстінен тапсырыс түскен-міс.

Байтұқтың «ұзын бойлы жігіті» кім екенін шамалаймыз, онысы Кривошеев болса керек. Ал енді «аты ерекше сайт» дегені Nege.kz болуы мүмкін. Біз Nege.kz пен Кривошеевтің немесе Nege.kz пен Bek Air компаниясының арасында қандай байланыс барын, Байтұқтың «қаржыландыратын» қандай орган туралы айтып отырғанын және берешегі туралы сөз болғанда блогердің шабына шоқ түскендей НЕГЕ шоршығанын түсінбедік.

Бүгін тілші Whatsapp желісі арқылы оның «ертеңін» есіне салған екен, өзі хабарласып былай депті: «RBK банктен миллион адам кредит алған. Оның маған қандай байланысы бар? Менің ойымша, сіздерге тапсырыс түскен. Мен комментарий бермеймін. Сіздің сайтыңыздың қожайыны кім екенін білемін. Сондықтан ешқандай комментарий бермеймін. Любое комментарий мен сізге публично берем. Сіздің сайтқа бермеймін. Бірдеңе жазсаңыз, ответті публично беремін. Бірақ қазір біз сөйлесіп жатырмыз ғой, ол комментарий емес».

Байтұқтың бұл айтқанын біз де «комментарий» деп есептемейміз. Сондықтан, миллиондаған қарызды не себепті өтемей жүргені туралы блогердің «публичный» жауабын күтеміз.

Nege.kz

Тегтер: