«Байтақ» халықтық партиясы құрылуы мүмкін
Бүгін қоғам қайраткерлері Ирак Елекеев, Дос Нұр-Ахмет, Азаматхан Әміртаев, Виктор Сейпульник, экологиялық ҮЕҰ көшбасшылары, еріктілер қозғалысы, республикалық бақылаушылар қозғалысы, «Байтақ Болашақ» ҮЕҰ экологиялық альянсы аймақтық бөлімшелерінің басшылары мен жас көшбасшыларының кездесуі өтті.
Астана, NEGE. Жақын күндері «Байтақ» халықтық экологиялық партиясының ұйымдастыру комитетінің бастамашыл тобының мүшелері тіркеу үшін құжаттарын уәкілетті органға тапсырады.
Сонымен қатар «Байтақ» халықтық экологиялық партиясын тіркеу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жалпы шешімімен мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын Халықаралық Нобель сыйлығына ұсыну туралы шешім қабылданды. Белсенділер Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевты осы ұлттық қоғамдық бастаманы қолдауға шақырды.
Күн тәртібін талқылай келе, Қызылорда, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Атырау, Орал, Алматы және Теміртау қалаларындағы барлық экобелсенді партиялықтар «Байтақ» халықтық экологиялық партиясының әділет органдарында тіркелуін бірауыздан қолдап, партияның манифесін қабылдады.
Өңірлердегі белсенділер партияға экологиялық бұзушылықтар бойынша ақпарат жинауға көмектесетіндерін, еліміздегі эко-жағдайды қалыпқа келтіру үшін ақпаратты тіркеп, ҚР Президентіне жеткізетіндерін мәлімдеді.
Барлық қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстанды саяси жаңғырту туралы қағидаттық ұстанымын қолдады.
Ұйымдастыру комитетінің отырысы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес оффлайн және ZOOM форматында өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Numbeo деректері бойынша Қазақстан ауаның ластануы бойынша ең нашар елдер рейтингінде (ластану индексі 73,4) 33-орынды иеленеді. Ал Қазақстанның ең лас қалалары – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Белсенділер Қазақстан Республикасында жер асты және жер үсті суларына әсер ететін зиянды шығарындыларды азайту мәселелерін, жергілікті жерлерде жер қойнауын пайдаланушылардың өндірістік қызметінің зиянды әсерінен халықтың, әсіресе балалардың денсаулығына келтірілген зиянды өтеу проблемаларын шешуге уәде береді.