Танымал әнші сый алмағанына өкпелі

Алматыда «Qazaq Music Awards» ұлттық музыка жүлдесі берілді. Елімізде алғаш ұйымдастырылған шарада 20 номинация бойынша марапат табысталды. Сыйлықтан құр қалғандар болса, іштей ренжіп қайтқаны байқалады.
Алматы, Nege. Марапаттан қағылғандар қатарында сахнада тәжірибесі, өнерге сіңірген еңбегі елеулі азаматтар баршылық. Мәселен, қазақ эстрадасының орта буын өкілі «Жігіттер» квартетіне «Жігіттерден құралған үздік топ» номинациясы берілмеді. Топ мүшелері болса, сахнаға енді шыққан жастарға сол сыйдың табысталғанына ренішін білдірді.
«Qazaq Music Awards» ұлттық музыкалық жүлдесіне көңілі толмаған Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіде жазба қалдырды: «Күлейін бе, жылайын ба?! «10iz» тобына жігіттерден құралған үздік топ деп жеңісті берді. Құрылғанына жыл болған топқа, әрине, тілекшімін. Бірақ, сол жігіттердің алғанына ұялғаным-ай!» деген өнер иесі шараға демеушілік жасаған қала әкімшілігі мен жеке кәсіпкерлердің қолдау көрсеткеніне қапалы екенін жеткізіп: «Ел болып етегімізді жинай алмай жатқан кезде қыруар қаржыны босқа шашты. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, кімнің жаны ашып, еңсемізді көтерер екен? Келесі жолы ат басындай алтын берсе де, қатыспаймын деп шештім. Мәселе атақта емес, сіздер барда аз ғана абырой жеткілікті»,-деп сөзін сабақтады.
Ұлттық жобада елеусіз қалғандар сапында «Опмай-опмай» әнімен танылған «Азия» және «Бақай» тобы бар. Алғашқылардың бірі болып шараға наразылық білдірген «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріпов.
«Өтірік марапаттауларыңызға жол болсын! «Опмай-опмай» әні жеңе алмады деп мүлде қынжылмаймын. Халықтың бағасын әлдеқашан алып қойған, оған youtube-тегі қаралым дәлел. Келесі жолы сәл болса да шындыққа жанасатын іс-шара ұйымдастырасыздар деген жай ғана тілек» деп әлеуметтік желідегі парақшасында өкпесін білдірді.
Айта кетейік, музыкалық сыйлық иегері атанған Ерке Есмахан бұл жолы ұлттық жоба аясында «Серпін» жүлдесімен марапатталып, 2 миллион теңгеге ие болды.
Шарадан кейін әлеуметтік желіге жазба қалдырған Ерке Есмахан алған сыйақысын қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.