30 Қараша 15:24
...

Бағлан Әбдірайымов:  Мен түсірген фильмді көргендер біраз қызыққа кенеледі

Фото:

Бағлан Әбдірайымовтың «Ақ пен қара» кітабының желісі бойынша құмар ойынға құмар жігіт жайлы фильм түсіріліп жатыр. Ол туынды қашан прокатқа шығады? Бюджеті қанша?

NEGE тілшісі әншінің өзіне хабарласып, мән-жайды сұрады.

– Бағлан, желідегі біраз жұрт сіздің фильміңізді көруге асық көрінеді. Тұсаукесерді қашанға жоспарлап отырсыз?

– Бұйырса, ақпан айында үлкен экранға шығарсам деп отырмын. Әзірге атқарылуға тиіс біраз жұмыстары бар.

– Фильм «Ақ пен қара» атты кітабыңыздың желісі бойынша түсірілді ғой. Кітаптағы оқиғаларды кино етіп түсірудегі мақсатыңыз не? Әлде туындыңыз өтпей қалды ма?

– Жоқ, кітабым өтпей, сөрелерде шаң басып қалды дей алмаймын. Керісінше, сатылымы көңіл қуантарлық дәрежеде болды. Туынды төңірегінде фильм түсірсем деген ой о баста туындаған еді.

Жалпы, фильм шынайы оқиға желісімен түсірілген. Сондықтан көрермен фильм жарыққа шыққанда біраз қызыққа кенеледі деп ойлаймын.

– Сценариін 60 мың теңгеге жаздырған фильмнің толық бюджеті қаншаға түсті?

– Қазірге дейінгі шығыны  205 мың доллар болды. Өңдеу жұмыстары, тұсаукесері бар, әлі де біраз қаражат салу керек болып тұр.

– Егер осы шыққан шығын ақталып жатса, әншілікті кинопродюсерлікпен алмастыруыңыз мүмкін бе?

– Мен үшін бұл шығармашылықтың шыңы саналады. Кино түсіру өзіме қатты ұнады. Сондықтан жалғасатын шығар.

– Фильмде Мейрамбек Беспаев пен Қайрат Нұртастан өзге тағы қандай әріптестеріңіз төбе көрсетеді?

– Жалпы өнердегі дос-жарандарымның, әнші, актерлердің көбі түсті. Соның ішінде Тұңғышбай ағамның (Жаманқұлов – ред.) сөзімді жерде қалдырмай, арнайы келіп, тиісті рөлін ойнап, ақ батасын беріп кеткені қуантты.

– Фильмнің саундтрегін кім орындайды?

– Бұл фильмге арналып бірнеше ән жазылады. Оның біреуін Ochooou атымен таныс өнерпаз орындап қойды. Енді, кіші буын арасынан заманауи стильде ән салатын тағы бір әнші іздестіріп жатырмыз. Бірақ өзім жеке дара ән шырқамаймын. «Жігіттер» квартеті бір трек айтып қалуы мүмкін.

– Жалпы ел арасында букмекерлік кеңселерді де құмар ойынға тең санап, «оларды жабу керек» деп дабыл қағып жүргендер бар. Бұған қатысты не айтасыз?

– Жасыратыны жоқ, көп адам ішімдік ішеді. Көп ішсе, өз-өзіне жауап бере алмай, одан қалса, ертесі бүк түсіп, ауырып қалуы мүмкін. Ойынқұмарлық та осы сияқты. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін «игромания» дегеннің мәдениетін қалыптастыру керек сияқты.

Себебі, шетелде қатты дамыған құмар ойын атаулы біздің менталитетімізге сай болмағандықтан, бір кірсек шыға алмай қалатынымыз анық. Ал «жабу керек» деп қанша ұрандатқанмен, олар жабылып қалмайды. Неге десеңіз, білуімше оның базасы Қазақстанда емес.

Осы ретте біздегі мақсат – халықты құмар ойын атаулыны бейсаналы түрде қабылдайтын дәрежеге жеткізу, оның шырмауына түсіп қалмауы үшін түрлі насихат жасау.

– Ал сіз түсірген фильм осы үдеден шыға ма?

– Zero фильмі азартниктің өмірін көрсетеді. Мақсаты – құмар ойынның батпағына батып қалғандарға мотивация беру. Мәселен, кез келген адам қателесіп, сүрінуі мүмкін. Бірақ, қайта тұрып жүруге, дұрыс жолға түсуге мүмкіндігі бар. Мен таспалаған фильм көрерменді осыған жетелейді.

– Астаналық тұрғындарды өрттен аман алып қалып, соңынан өзі қыршын болған Асқар Забикулиннің рухына бағыштап клип түсіретініңізді айтып едіңіз. Ол жобаны қашан қолға аласыз?

– Ол бейнебаянның сюжетін таспалауды бастап кеттік. Енді трегін түсіреміз. Клип репертуарымдағы «Әке» атты әннің сүйемелдеуінде ұсынылады. Өйткені марқұм Асқар да шиеттей екі баланың әкесі еді. Жап-жас болса да отандастары алдында қандай үлгі көрсетті! Бейбіт күннің батыры ғой.

Соңында қалған отбасын ән арқылы жұбатқым келді. Біздің қолымыздан басқа не келеді?..

Тегтер: