13 Желтоқсан 14:49
...

Марат Сұлтанғазиев Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Сұлтанғазиев
Фото: ОКҚ

2024 жылдың 3 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Антикор аталмыш мәліметті растады.

Ал, Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, шенеунік Іле ауданындағы қоқыс полигонын тексергеннен кейін ұсталған. Оған «кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және мемлекеттік мүддеге зиян келтірген» деген айып тағылды.

Бағдат Қарасаев
Бағдат Қарасаев, Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы үшін олардың басшыларының отставкаға кетуін талап ететін заң шығарғаны белгілі. Осыған орай, Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталғаны көпшіліктің назарын аударды.

Іле ауданы әкімінің ұсталуына қатысты Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында NEGE тілшісі жолдаған сауалға жауап берді. 

«Біріншіден, ол іс қазір жүргізіліп жатыр. Әлі сотқа берілген жоқ. Екіншіден, аудан әкімі ұсталған сәтте лауазымын босатқан. Өйткені, ол ауданда 6 жыл қызмет етіп, басқару уақыты өткен болатын. Үшіншіден, айып тағылған жағдай 2017 немесе 2020 жылдар аралығында басталған іс», - деп жауап берді Сұлтанғазиев. 

Естеріңізге сала кетейік, Бағдат Қарасаев Іле ауданын 2018 жылдың қыркүйегінен бастап басқарған.