Бағдаршамнан 133 км/сағ жылдамдықпен өткен: Астанада Porsche жүргізушісі қамалды
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қаралды.
Астана, NEGE. Сот мәліметінше, 2 сәуірде сағат 12:47 шамасында Астана қаласында Porsche маркалы автокөліктің жүргізушісі Л. жаяу жүргіншілер өткелінде бағдаршамның тыйым салынған сары белгісін елемей, 133 км/сағ жылдамдықпен өткен. Ол Әл-Фараби көшесімен, Ұлы Дала көшесінен Ф. Оңғарсынова көшесіне қарай кетіп бара жатқан.
Сондай-ақ сотта оның жыл басынан бері жылдамдықты асырғаны үшін 59-дан астам әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталған.
«Құқық бұзушының әрекеттері демонстративті-агрессивті сипатта болып, жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзумен ұштасып, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген, бұл оның қоғамдық тәртіпті және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын елемейтінін көрсетеді», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Сот отырысында азамат Л. кінәсін мойындап, көлікті асыққан себепті қатты жүргізгенін түсіндірген. Ол жол бөлігі бос болғандықтан ешкімге қауіп төндірмейді деп ойлағанын айтқан.
Құқық бұзушылық фактісі Л.-ның түсініктемелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, инспектордың рапортымен, «Сергек» құрылғысының деректерімен, оның ішінде құқық бұзушылық орнынан алынған бейнежазбамен расталған.
«Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипаты мен дәрежесін, атап айтқанда, Л.-ның күндізгі уақытта елорданың орталық көшесінде көлік құралын агрессивті түрде басқарғанын, тыйым салынған бағдаршам сигналынан өткенін, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін, сондай-ақ оның жыл басынан бері жылдамдықты асырғаны үшін 59-дан астам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескерді», – делінген хабарламада.
Сот қаулысымен Л. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, сот кабинетіндегі дерекке сүйенсек, құқық бұзушының есімі – Роман Линейцев. Ол Grand Mobile мобильді ойынын шығарған адам ретінде белгілі.