14 Қыркүйек 09:05
...

Баға және сауда. Сауданы арттырып, бағаны қалайша төмендетуге болады?

Фото:

Қазақстандағы азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы инфляцияны 16 пайызға бір-ақ жеткізді. Қымбат қант Сауда және интеграция министрінің айрылуына себеп болды. Инфляцияны 4-6% коридорында ұстап отырғысы келген Ұлттық Банктің барлық жоспарлары бұзылып отыр. Үкімет бағаның өсуін әлемдегі қымбатшылықпен байланыстырса, сарапшылар проблеманың басқа жақтан шығып отырғанын айтады. Басты проблема – мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысы.

Азық-түлік проблемасына басты назар аударып отырған билік өкілдерінің мәлімдеуін, бағаның қымбаттауы өндірістік шығындармен қатар сыбайлас делдалдық схемаларға да байланысты болып отыр. Еліміздің алты аймағында ғана заманауи көкөніс сақтайтын қоймалар бар. Оларды жаңғырту бойынша талай тапсырма берілсе де, мәселе жүйелі шешілмей келеді. Сондықтан көтерме-тарату орталықтарының құрылысы бойынша жұмыс толықтай тоқтап, Үкімет оны жалғастырудан бас тартты.

«Үкіметке әкімдермен бірлесіп көкөніс қоймаларын салу және жаңарту жоспарын әзірлеу тапсырылды. Біздің көптеген қолдау бағдарламаларындағы ақшаның бір бөлігін дәл осы мақсаттарға бағыттаңдар», – деген болатын Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

«Әкімдер бағамен келісіп, бас иземеуі керек. Аймақ үшін жауапкершілік сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан Үкімет «Атамекен» палатасымен қазіргі тұрақтандыру құралдарының тиімділігін бағалап және жаңа, неғұрлым тиімді шаралар пакетін ұсыну қажет»

Үкімет болса, бағаның өсуін әлемдегі қымбатшылықпен байланыстырып отыр. Бірақ бағаларды орнына келтіре алмайтынын өздері де мойындайды. Себебі, бағамен күрес тәсілдері өзгермейді. мысалы, Асқар Мамин премьер-министр болып тұрған уақытта 12 өңір үшін шекті бағалар белгіленді. 16 мыңға жуық тауар өндірушімен және бөлшек сауда орындарымен келісімдер жасалды. Форвардтық сатып алу (алдын-ала сатып алу) қаржысы 33,3 миллиардтан 50 миллиард теңгеге дейін артты. Және ол еш нәтиже бермеді. Көтерме-тарату орталықтарының құрылысына миллиардтаған қаржы көзделді. Бастама аяқсыз, артынан тіпті зиянды деп танылып отыр. Енді жаңа министрлер кабинеті де бағаны әкімшілік формамен сақтағысы келеді. Бірақ оларды қай дүкен тыңдайды?

Президент бағаны тежеу ​​құралдары тиімсіз десе, сарапшылар мемлекеттік басқару жүйесінің өзі тиімсіз дейді. Яғни бағаны әлемдік нарықтағы ауытқулар емес, біздегі басқару жүйесінің толық тұралап қалғаны өсіріп отыр.

Фото: Liter.kz

«Инфляцияны ауыздықтауы тиіс Ұлттық Банк осымен екі жыл болды, ешқандай инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізбей келеді», – дейді кезінде өзі Ұлттық Банк төрағасы кеңесшісі болған экономист Айдархан Құсайынов.

«Инфляциялық күтулер деген ұғым бар. Нарық ойыншылары тауар бағасының, валюта бағамының өсуіне қарап, инфляцияның жоғары болуын күтеді. Егер сол кезде орталық банктер интервенция жасап, бағамды орнына қайтарса, инфляциялық күту деңгейі азаяды. Ал бізде Ұлттық Банк нарыққа қанша интервенция жасаса да, инфляциялық күтулер енді еш уақытта азаймайтын болады. Себебі, биліктің өзі біздің нарықты ұзақ жылдар бойы осыған үйретіп тастады. Енді өздері қақпанға түсіп отыр»

«Шынында да, біз әр түрлі азық-түлік тауарларына бағаның өсуін байқаймыз. Олар көбінесе бір-бірімен байланысты емес. Тек ортақ ерекшелігі - бұл экономикадағы мемлекеттік басқару жүйесіндегі дағдарыстың көрсеткіші», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Мұндай салыстырмалы түрде шағын стресстік жағдайларды біз бұған дейін де көргенбіз. Соңғы он жылда теңге төрт есе құлдырады. Бірақ сонда да, ол кезде бағаның бұлайша күрт өсуі байқалмады. Себебі, тиімсіздеу болса да механизмдер әзірленді. Тұрақтандыру қорлары, субсидиялар, монополияға қарсы заңнамалар жұмыс істеді. Қазір олардың ешбірі жұмыс істемейді. Өйткені элиталардың эгоизмі тым шектен шығып барады»

Қазір Үкіметтің бағаны тұрақтауға бағыттаған шараларының нарыққа деген әсері болмашы 1-4% шамасында. Президенттің өзі осындай баға берген еді. 

Үкімет қандай жаңа шаралар қабылдайды? Олар тиімді бола ма? Әлі белгісіз. СОл уақытта инфляция өршіп барады.

Тегтер: