«BAE Systems» Питер Фостермен бірге кетті. Бізді НЕГЕ қызық кезең күтіп тұр?
«Air Astana» АҚ акционерлік капиталына британдық BAE Systems орнына BlackRock пен Fidelity Investments сынды халықаралық басқарушы қорлар кіруі мүмкін. Қазір олар Лондон қор биржасындағы институционалдық инвесторлардың алдыңғы қатарында тұр.
5 пайыздан асатын үлестерді тиімді дисконт болған жағдайда сатып алу – BlackRock бұрыннан қалыптасқан стратегия, дейді Nege.kz дереккөзі. Сондықтан дәл осы инвестициялық алпауыттың қазақстандық әуе компаниясының акционерлік капиталына кіру ықтималдығы жоғары. BlackRock әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы ірі жобаларға қатысатын компанияларда үлес ұстайтынын ескерсек, олар жергілікті нарықты жақсы біледі және жаңа инвестициядан тартынбайды.

Лондон қор биржасында маркет-мейкер қызметін атқаратын Jefferies және WOOD & Company «BAE Systems» корпорациясына тиесілі «Air Astana» әуе компаниясының жаһандық депозитарлық қолхаттар (GDR) пакетін сәуір айына дейін толық сатуды жоспарлап отыр. Мәміле бір GDR үшін 5,1 доллар бағамен жүзеге асады. Бұл сол сәттегі нарықтық бағадан шамамен 15% төмен. Жалпы көлемі 6,1 млн GDR сатылып, бұл Air Astana акционерлік капиталының шамамен 6,86%-ын құрайды.
Осылайша, BAE Systems бұл мәміледен шамамен 31,1 млн доллар табыс табады. Британдық инвестордың қазақстандық авиация секторынан толық шығуының қаржылық нәтижесі осындай. Айта кету керек, 2025 жылдың желтоқсанында BAE Systems 9 млн GDR-ды шамамен 9% дисконтпен сатып, Air Astana-дағы үлесін азайта бастаған еді.

BAE Systems-тің шығатыны туралы жаңалық тарағаннан кейін Air Astana акциялары қысымға ұшырады. Қазақстан қор биржасында AIRA тикері бойынша баға 693 теңге деңгейінде жабылды. Ал Лондон қор биржасында GDR бағасы 5,76 доллар болды.
«Air Astana» АҚ-ның таза пайдасы жылдан-жылға төмендеп келе жатқаны бірнеше жылдан бері байқалады. Компанияда «түсім өсіп, таза пайда азаю» тенденциясы қалыптасқан. Мысалы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Air Astana таза пайдасы 72,5%-ға азайды. Бұл ретте топтың жалпы түсімі (оның құрамына Air Astana-дан бөлек FlyArystan лоукостері де кіреді) бір жылда 11,4%-ға өсіп, 1,45 млрд долларға жетті.

Таза кірістің азаюына компания жыл сайын әртүрлі сылтау табады. 2020 жылдары бұл пандемиямен байланысты болса, кейін оның салдарлары әсер етті. 2025 жылдың жаңа сылтауы – Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты проблемалар. Өзінің есептілігінде Air Astana бір жыл ішінде қозғалтқыштардың 22 рет жоспардан тыс жөндеуге алынғанын, соның салдарынан маусымның ең қызған кезеңінде 13 ұшақ тұрып қалғанын, резервтік қуаттар қысқарғанын жазады.
Қазіргі таңда Air Astana акцияларының 41%-ы Самұрық-Қазына қоры арқылы мемлекетке тиесілі. Ал 37,5% үлес депозитарлық қолхаттардың номиналды ұстаушысы ретінде Citibank иелігінде. Бұл пулға Еуропалық қайта құру және даму банкі (EBRD) сияқты институционалдық инвесторлар да кіреді.
6,51% үлес осы мәміледен айтарлықтай ұтылған Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының иелігінде жатыр.
Ал BAE Systems иелігінде болған 6,86% үлеске енді жаңа қожайыны анықталады.