Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының қызметкерлері халықаралық қызметкер мәртебесін алады

Мәжіліс 2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан аумағында болу шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Алматы, NEGE. Құжатқа 2024 жылы 15 қарашада Астанада қол қойылған. Хаттама Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының Қазақстан аумағында болу жағдайларын жақсартуға, оның қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттерін кеңейтуге бағытталды.
Артықшылықтар мен иммунитеттер Хатшылықтың барлық қызметкеріне персонал санатына және азаматтығына қарамастан беріледі. Атап айтқанда, Хатшылық персоналының мүшелері, оның ішінде Қазақстан азаматтары, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерге салық салудан босатылады. Сонымен қатар хатшылыққа өз қызметін жүзеге асыру үшін қорлар мен басқа да қаржы тетіктерін құру, қызметкерлері үшін зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандырудың жеке жүйелерін құру құқығы беріледі. Бұдан бөлек Хатшылықта қызмет ететін Қазақстан азаматтарын қабылдаушы тараптың мемлекеттік міндеттерінен босатуға қатысты өзгерістер енгізіледі.
Келісімге енгізілген өзгерістердің мақсаттары – Хатшылықтағы еңбек жағдайларын халықаралық стандарттарға жақындату, барлық мүше мемлекеттің азаматтары үшін Хатшылықтың жұмыс беруші ретіндегі тартымдылығын арттыру және кадрлық құрамын интернационалдандыру. Хаттаманы ратификациялау оның барлық қызметкеріне халықаралық қызметші мәртебесін беру арқылы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар тәжірибесіне сәйкес Хатшылықтың халықаралық мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі – Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға арналған халықаралық форум. Оның құрамына 28 мемлекет кіреді. Штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан. Хатшылықта 35 қызметкер жұмыс істейді.