28 Мамыр 12:58
...

Азияда коронавирус НЕГЕ қайта өршіді? – Қытайлық инфекционист Су Цяньмен сұхбат

Азия
Фото: Александр Авилов / Агентство «Москва»

Соңғы уақытта Азия елдерінде COVID-19 қайта өршіді. Мысалы, Сингапурда науқастар саны бір апта ішінде 28%-ға артқан. Гонконг билігі эпидемиологиялық жағдайды «күрделі» деп бағалады. Бұған не себеп болды? Қауіп бар ма? 

NEGE тілшісінің сұрақтарына Қытайдың Аньхой медицина университетіне қарасты Бірінші аффилирленген аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің жетекші дәрігері, PhD докторы, доцент және магистранттардың ғылыми жетекшісі Су Цянь жауап берді.

  • Су Цянь – 16 жылдан астам уақыттан бері инфекциялық ауруларды емдеу және зерттеу ісімен айналысып келе жатқан тәжірибелі маман. Аньхой провинциясынан Оңтүстік Суданға жіберілген 10-медициналық көмек тобының мүшесі ретінде ол 2022 жылдың қыркүйегінен бастап бір жыл Джуба қаласындағы ауруханада жұмыс істеді. Ол инфекциялық аурулардың теориясы, клиникалық дағдылар, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу және бақылау бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. 2024 жылдың желтоқсанында Су Цянь қысқа мерзімді сарапшылар тобының құрамына қайта таңдалып, Джуба оқу ауруханасына екінші рет барады. Бұл сапарында ол жұқпалы ауруларды емдеу, күрделі диагноз қойылған жағдайларды талқылау және кәсіби дәрістер оқу жұмыстарымен айналысады.
коронавирус
Фото: Жеке мұрағатынан

– Азия елдерінде COVID-19 індетінің қайта өршуіне не себеп болды?

– Бұл толқынға вирустың жаңа түрлері, атап айтқанда, JN.1 және оның туындылары LF.7 және NB.1.8. себеп болды. Бұл штамдар Omicron BA.2.86 тармағынан тараған және тез жұғады, сондай-ақ иммундық жүйеден жалтару қабілетімен ерекшеленеді. Бұлар 2023 жылдың соңын ала кең тарала бастады және қазір Қытай, Сингапур, Таиланд секілді көптеген елдерде бар.

– Жаңа толқынның алдыңғы түрлерден қандай ерекшелігі бар? Симптомдары өзгерді ме?

– Симптомдар бұрынғы Omicron нұсқаларымен ұқсас. Оның белгілері бұрынғы COVID-19 нұсқаларына келеді: науқасты тамақтан алады, дене қызуы көтеріледі, мұрын біеді немесе мұрыннан су ағады, құрғақ жөтел қысады, әлсіздік басып, басы аурады, дәм мен иіс сезу жоғалады, бұлшық еті ауырады, көзі қызарады, іші өтеді және құсады. Кей жағдайларда адам қатты шаршап, әлсірейді. Ал тыныстың тарылуы – аса қауіпті белгі, мұндайда дереу дәрігерге жүгіну қажет.

ковид
Фото: Getty Images

– Жаңа штаммның салдары бұрынғылардан да ауыр ма?

– Әзірге JN.1 вирусының дертті бұрынғыдан да ауырлататынына дәлел жоқ. Бірақ ол өте жұқпалы болғандықтан, егде жастағы адамдарға, созылмалы аурулары барларға, вакцина алмаған және иммунитеті әлсірегендерге өте қауіпті. Бұл топтағы адамдарда пневмония өршіп, ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін.

– Жаңа нұсқаларға қарсы вакцинация қаншалықты тиімді?

– XBB.1.5 нұсқасына бейімделген жаңартылған вакциналар аурудың ауыр түріне шалдығу және ауруханаға түсу қаупін азайтады. Қазіргі жағдайда егде адамдар, созылмалы аурулары бар және иммунитеті әлсіз жандар үшін ревакцинация өте маңызды.

– Індеттен сақтану үшін не істеу керек?

– Індет қайта өршіген шақта, әсіресе, халық тығыз орналасқан ірі қалаларда сақтанып жүрген жөн. Адам көп жиналатын жерлерде маска кию – өзіңізді де, өзгелерді де қорғаудың тиімді жолы. Егер денеңіз қызып, тыныс алу қиындаса, шыдап жүре беру дұрыс емес. Уақыт оздырмай, дер кезінде дәрігерге жүгініңіз бұл сіз үшін де, айналаңыздағы жандар үшін де аса маңызды. Уақытында жасалған әр әрекет – денсаулықтың қалқаны.

Аурухана
Фото: Жеке мұрағатынан

Дерек пен дәйек: Дәрігер Су Цянь жұмыс істейтін Аньхой медицина университетінің Бірінші аффилирленген ауруханасы – Қытайдағы жетекші медициналық мекемелердің бірі. Аурухана 1926 жылы құрылған, 1993 жылы ҚХР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жоғары санаттағы (Grade III) аурухана ретінде танылған. Бүгінде бұл мекеме тек аурухана емес, сонымен қатар білім беру, ғылыми зерттеу, алдын алу, оңалту және шұғыл көмек салаларын біріктіретін ірі көпсалалы клиникалық базаға айналды. Аурухана ұлттық тиімділік бағалау жүйесінде тұрақты түрде A+ бағасын алып, Қытайдың ең үздік 100 ауруханасының қатарына кірген.