21 Желтоқсан 18:51
...

«Азия дауысы» қайтадан өтетін болды

Фото:
Өткен айда

Алматы қаласының әкімі Ерболат ДОСАЕВ «Азия дауысы» халықаралық байқауының қайта жанданатынын айтқан еді. Бүгін үлкен жобаның дайындық жұмыстарын таныстыру мақсатында  ұйымдастырушылар тарапынан арнайы пресс-конференция өтті.

«Азия дауысы» халықаралық фестивалі алғаш рет 1990 жылы басталды. Сол кезде шараның сахнасы «Медеу» мұз айдынына 15 елден қатысушылар келіп, Алматы халықаралық мәдениеттің алтын көпіріне айналған. Үлкен жобаның жандануына ұйытқы болып,  қолдау білдірген сол кездегі шаһар әкімі – Заманбек НҰРҚАДІЛОВ еді.

Бұдан соң қала басшылығына келген әкімдер күлдібадам қылып жіберді ме, әйтеуір атағы дардай «Азия дауысы» ән өнерінің тарихына алтын әріппен жазылған жобалардың бірі болып қана тарихта қалған.

Фестивальдің негізін қалаушы Мұрат ЕРҒАЛИЕВ пен режиссер Александр ПОНОМАРЕВ 2021 жылы дүниеден өткендіктен, шараны ұйымдастыру құқығы Алматы қаласы әкімдігі мен мәдениет басқармасы және музыкалық жобаның қайта жандануына бастамашылық жасаған  «Азия дауысы» халықаралық фестивалі» қоғамдық қорының құзырына берілген.

Аталған қордың президенті Ирина КОВЫРЯКО  байқауға қатысуға ниет білдіретін қатысушылардан өтініш қабылдау жұмыстары басталып кеткені айтты. Үміткерлерден өтініш келер жылдың ақпан айының 15-іне дейін қабылданса, шараның өтуі шілде айының соңына жоспарланған.

Сондай-ақ «Азия дауысы» халықаралық байқауына қатысатын отандық өнерпаздарды іріктейтін «Жас қанат» республикалық жас әншілер конкурсы да қайта жанданбақ. Бұл жоба  әдеттегідей Астанада емес, Алматы төрінде ұйымдастырылатын болады. Бүгінде отандық қазақ ән өнерінде қолтаңбасы қалыптасқан Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдулин, Ерлан Көкеев, «Үркер» тобы, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Дұғалова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген «Жас қанаттың» әр жылдардағы лауреаттары мен дипломанттары саналады.

Ұзақ уақыттың сынынан өткен конкурстың көркемдік жетекшісі Медеу АРЫНБАЕВ «Азия дауысына» мемлекет тікелей қолдау көрсетсе игі болар еді» дегенді алға тартып отыр.

«Өнерімізге Үкіметтің өзі жанашырлық танытып продюсер болатын кез келді. Әрине, бизнес саласындағы кәсіпкерлер қол ұшын созса нұр үстіне нұр. Өйткені «Азия дауысының» астарында саяси-мәдени идеологиялық  ұғым жатыр. Себебі, осы фестиваль арқылы көршілес елдермен қарым-қатынасымызды жақындатуға болады», – деді ол.

М.Арынбаев  кәсіби музыкалық білімі бар жастармен қатар әлеуметтік желі арқылы жұлдызы жанған дала дарындары да «Жас қанатқа» қатысуға мүмкіндік алатынын айтты.

Бұдан бөлек, еліміздің мәдениетін дамытуға қосқан үлесін насихаттау мақсатында «Жас қанат» республикалық байқауы аясында Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев  атындағы Гран-при дипломы және «Үлкен қанат» арнайы номинациясы мен  1 000 000 теңге ақшалай сыйлық тағайындалған.

«Азия дауысы» халықаралық байқауының бас продюсері болып бекітілген Арманжан БАЙТАСОВ: «Қатысушылар тізімі анықталып біткен соң,  жаздың жаймашуақ күндерінде Алматы шаһары  дүбірлі мерекенің ортасына айналып, «Медеу» мұз айдынының кешені шетелден келетін туристер мен әлемдік әртістерді қабылдайтын болады», – дейді.

Журналистика саласындағы мансабын  «Азия даусының» кіші редакторлығынан бастаған медиамагнат жаңа форматта жанданғалы отырған жобаның отандық қатысушыларын халыққа етене таныстыру мақсатында арнайы теле-жоба да дайындайтынын мәлімдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байрақты бәсекеде бақ сынаудан өнерге таласы бар балалар да қалыс қалмақ емес.

Тегтер: