Әзімхан Нариман: От шыққан бөлмеде ешкім болмағанына қуандым
Полиция қызметкерлері қызмет барысында талай ерлік көрсетіп жатады. Оның дені БАҚ арқылы айтылмағасын, әлеуметтік желіде жазылмағасын ел жадында қала бермейді. Осыдан біраз уақыт бұрын Ақтау қаласының полиция департаментінің қос қызметкері «батыр» деген атқа лайық ерлік көрсетті.
Әзімхан Нариман мен Жандарбек Ниязбеков облыстық ауруханаға арнайы шақыртумен барып, лаулап жатқан өрттің үстінен түскен. Өрт сөндіруші мамандарды шақырып, олар келгенге дейін қызыл жалынды ауыздықтау үшін барын салған. Бұл жайлы Әзімхан Нариман былай дейді.
«Оқиға 7 мамырдан 8 мамырға қараған түні болды. Негізінде облыстық ауруханаға басқа шақыртумен барғанбыз. Дәлізден мейірбикені күтіп тұрғанда менің жанымдағы есіктен түтін шыға бастады. Жедел ішке кірсек, өрт болып жатыр. Дәліздегі 2 бірдей өрт сөндіргіштің өзі отты ауыздықтауға жетпеді. Серігім тағы басқасын әкелуге біздің қызметтік көлікке жүгіріп кетті. От күшейіп бара жатқасын аурухана ішіндегі су торабына қосылып, су шашуға кірістік. Бірақ, су шашуға арналған шланг жарамсыз болып шықты да, атылып кетті. Бізді бір қуантқаны от шыққан бөлмеде ешкім болмаған екен. Алғашында, іште адам қалып кетті ме деп ойлап жанұшырдық».
Мамандар арнайы тексеріс жүргізіп, соңында медицина қалдықтарынан өрт шыққанын айтқан. Ал Нариман мен Жандарбек өрт сөндірушілер келгенше эвакуациалау жұмыстарымен айналысқан.
«Ол жерде бізден басқа ешкім болмады. Өрт сөндірушілерге хабар бере салысымен, аурухана емделушілері мен қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшірдік. Ол кезде өрт тым күшейіп кеткенді», – деді полиция лейтенанты.

Сол кезде желідегі жұртшылық «Ішкі істер саласына келгеніне небәрі 1,5 жыл болған маманның төтенше жағдайда көрсеткен ісі ерлікпен пара пар» десті. Біздің жас маманмен сұхбатымыз әрмен қарай былай өрбіді.
«Мен осы салаға қатты қызықтым. Ішкі істер саласында қызмет ететін ағаларым бар. Соларға қарап әуесім кететін. Алғашында өрт сөндіруші болғым келгені рас. Кейіннен полицияда еңбек етуді таңдадым. Әскерден келгеннен кейін көп ұзамай осы жұмысқа орналастым».
Нариман оңтүстіктің оғланы екен, әскери, отан алдындағы борышын Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз өңірінде өтепті. Ал қызмет жолын Батыс Қазақстаннан бастаған.
«Әскери өмір, тәртіп пен тәлім бір басқа, кәсіби маман болу үшін жоғары оқу орнын заң саласында бітіріп шықтым. Алдағы уақытта көп жоспарым бар. Үлкен ағаларымыздың жолын қуып, ізін бассам деймін»
Нариман «қазақ халқына адал қызмет етіп, ел намысын арқалаған батырлар іспетті абыройлы азамат болғым келеді», – дейді.

«Мен үлгі тұтар азаматтар өте көп. Мәселен, қазір Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов, Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Жанарбек Төлеубекұлы мен орынбасары Амангелді Хаирмұхаммедұлы секілді абыройлы болсам, халық үшін аянбай еңбек етсем деп армандаймын. Соларға ұқсағым келеді», – деді Әзімхан Нариман.