«Азық-түлік жинаудың қажеті жоқ»: министр «цифрлық апокалипсис» туралы
Төтенше жағдайлар министрі әлеуметтік желіде тараған 17 қараша күні «цифрлық апокалипсис» болады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Бұған дейін интернетте 17 қарашаға дейін азық-түлік қорын жинауға шақырған хабарламалар тарады. Тараған ақпараттарда апокалипсис туралы Ұлыбритания үкіметі, Жапонияның төтенше жағдайлар министрі және Франция өкілдері де ескерту жасағаны айтылады.
Осыған байланысты журналистер төтенше жағдай министрі Мұрат Мұхановтан Қазақстан тұрғындарына алаңдауға негіз бар-жоғын және азық-түлік жинау қажет пе екенін сұрады.
ТЖМ басшысының сөзінше, алаңдауға негіз жоқ.
«Қазір азаматтарымыздың алаңдауына ешқандай негіз жоқ деп сеніммен айта аламын. Үкімет те, соның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі де мұндай мазмұндағы хабарламалар таратқан жоқ», – деді министр.
Ал азық-түлік жинаудың қажеті бар ма деген сұраққа ол әркім өзі шешетінін айтты.