Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Смайыловтың сынына жауап берді
Бүгін Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында «әуе компаниялардың жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен» деген баға берді. Рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым өте көп.
Бұл мәселе қанша айтылса да шешімін таппай келеді. Біржақты етудің уақыты келген жоқ па? Комитет пен әуекомпаниялардың өкілдері Премьер-министрдің сынымен келісе ме?

NEGE тілшісі жолдаған сауалға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат ЛАСТАЕВ жауап берді.
«Әуе компаниясының өкілдері өз пікірлерін айтты. Негізі Үкімет басшысының сыны орынды деп санаймыз. Бұл мәселе бойынша айналысатын жұмыс өте көп. Сол жағына көбірек көңіл аударып, бұл мәселемен алдағы уақытта жұмыс істейтін боламыз», – деп жауап берді Ластаев.
Ол авиатасымалдаушылардың жауапкершілігі заң жүзінде күшейтілгенін атап өтті. Олар:
– Жолаушыны (ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық пошта мекен жайы бойынша) рейстің кешігуі туралы, сондай-ақ оның құқықтары туралы міндетті түрде хабардар ету (бұрын авиакомпаниялар ерікті түрде хабардар еткен);
– авиакомпанияның кінәсінен рейс мәртебесі өзгерген жағдайда авиакомпаниялардың қызмет көрсету түріндегі жауапкершілігі және кешіктірілген әрбір сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлеу (айыппұл мөлшері билет құнынан аспауы тиіс), сондай-ақ айыппұл төленбеген жағдайда айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылық (бұрын болмаған);
– рейстің мәртебесі 5 сағаттан артық уақытта өзгерген кезде қаражатты толық қайтару немесе қайта брондау құқығы (бұрын 10 сағат болған).
«2022-2023 жылдары жалпы сомасы 40 млн теңгеге 14 әкімшілік айыппұл салынды», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.