Азаматтық қорғау қызметкерлеріне қызметтік пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігі беріледі

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады.
Алматы, NEGE. Заң азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін бекітуге, адам көп жиналатын объектілерді пайдалануға қабылдау кезіндегі өрт қауіпсіздігін бақылауды жаңартуға бағытталған. Сондай-ақ қауіпті өндіріс объектілерін жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормалары қарастырылған. Құжат 2025 жылғы 5 ақпанда бірінші оқылымда мақұлданды.
Азаматтық қорғау органдарының мұқтаж қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдеріне құқық беру және қызметтік пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігін беру арқылы тұрғын үй мәселелерін шешу қарастырылып отыр. Қызметтік тұрғын үй үшін төлемдер индексацияланады. Төлем мөлшері инфляция деңгейіне және нарықтық жағдайларға сәйкес қайта қаралып отырады.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменттеріне жергілікті деңгейде шешім қабылдау, ресурстарды жұмылдыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету өкілеттігі беріледі. Бұл орталық аппараттан тәуелсіз әрекет етуге мүмкіндік беріп, апат немесе дағдарыс жағдайларында дербес әрі жедел шешім қабылдауға жол ашады.
Мұндай децентрализацияланған тәсіл төтенше жағдайларға ден қою уақытын айтарлықтай қысқартады, қажет кезде ресурстарды күту уақыты азайып, халыққа көрсетілетін көмек жылдам әрі сапалы бола түседі.