USD
USD
USD

Азаматтардың өтінішін бір-біріне сілтейтін мемлекеттік органдарға жаңа талап қойылды

Қазақстанда мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін бір ведомстводан екіншісіне негізсіз қайта жолдаған жағдайда, оның себебін жазбаша түсіндіруге міндеттелді. Жаңа талап 8 қарашадан бастап күшіне енді.

Шенеунік
Фото: magnific.com

Астана, NEGE. Бұл мәселе Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде өткен кеңесте талқыланды. Жиынға Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшылығы, орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері қатысты.

Өтініштерді талдау соңғы жылдары мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына және азаматтардың өтініштерін бірнеше рет басқа ведомстволарға жолдауына қатысты шағымдар көбейгенін көрсеткен.

Кеңес барысында Бас прокуратураның кұқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өтініштерді негізсіз қайта жолдау деректерін ұсынып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген жауапкершілік шараларын түсіндірді.

«2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа норма қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, егер мемлекеттік органдар өтінішті үш реттен артық қайта жолдаса, олар мәселені өз бетінше не себепті шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай негізде жолдайтынын жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл ретте екі органның да өкілеттіктерін растайтын нормаларға сілтеме жасалуы тиіс», – делінген хабарламада.

Бұл ретте екі мемлекеттік органның да тиісті өкілеттіктерін растайтын заңнамалық нормаларға сілтеме жасалуы қажет.

Жаңа талап өтініштерді негізсіз қайта жолдауды тоқтатуға және мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Жасырын» мемлекеттік қызметтер де назарға алынды

Кеңесте мемлекеттік қызметтердің «жасырын» түрлері мәселесі де көтерілді. Мұндай жағдайда азаматтар бір мәселе бойынша жүйелі түрде өтініш жолдағанымен, мемлекеттік органдар оны автоматтандыру немесе проактивті форматқа көшірудің орнына, жылдар бойы бірдей үлгілік жауап беріп келген.

Сонымен қатар қайталанатын өтініштердің көбеюі де талқыланды. Бұл ретте күрделі әрі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер бойынша азаматтармен нысаналы жұмыс жүргізу ұсынылды.

Кеңес қорытындысында орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтардың өтініштерінің туындау себептерін терең талдап, оларды жою бойынша жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды.

Сондай-ақ мемлекеттік органдарға өтініштерді сапалы қарау және оларды ведомстволар арасында негізсіз қайта жолдауға жол бермеу міндеттелді.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда жәбірленушілерге төленетін өтемақы екі есе артуы мүмкін

сәденов

Қазақстан зейнетақы жүйесінің орнықтылығы жағынан әлем бойынша үздік ондыққа енді

Зейнетақы

Флорентино Перес Қайрат Боранбаевқа ерекше сыйлық жасады

Боранбаев

Астанада тұмау мен ЖРВИ жұқтырған 300-ден астам адам ауруханаға түсті

грип