Азамат Жолманов: Жастарды мемлекет ісіне тарту – міндетіміз

Президентік жастар кадр резерві бойында қайраты бар, алға қойған мақсаты айқын, жалындаған жастардың дамуына зор үлес қосып келеді. Жастардың өсуіне мүмкіндік жасап келе жатқан кадр резервінің ерешелігі қандай? Жастар мемлекеттен жеткілікті деңгейде қолдау алып жатыр ма?
Nege.kz порталының осы сауалдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов жауап берді.
– Қазіргі таңда жастардың әлеуетін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар толассыз атқарылуда. Ал сол істерге жастардың қызығушылығын ояту үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Мемлекет жастарды оқыту мен дамытуға айтарлықтай назар аударуда. Жастар саясатын барынша жетілдіру аясында бағдарламалар уәкілетті органдармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Өз кезегінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдады.
Атап айтқанда, Агенттікпен Президент Әкімшілігіне Жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқып, жақсы нәтиже көрсеткен жас мамандарды оқу аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейлердегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналастырып, өңірлердің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін ұсынысты енгіздік.
Бұл бастама аймақтардағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал ете отырып, түлектерді өңірлерге оралуға ынталандыратын болады.
Фото: akorda.kz
Бұдан басқа, еліміздің бүкіл өңірінде «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жұмыс істеп келеді, онда Жоғары оқу орындарының мыңдаған студенті мен түлегі мемлекеттік басқару бағыты бойынша білім алып жатыр. Бұл – оң нәтиже көрсетіп, өз жемісін берген жобалардың бірі. Бастама мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыратынына сеніміміз мол. Арнайы білім алған жастар өмір жолын мемлекеттік қызметпен байланыстырып жатса, кіру тәртібін де оңтайландырмақ ойымызда бар.
Сонымен қатар, білікті әрі талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында 2019 және 2021 жылдары Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілді . Қазіргі таңда Президенттік жастар кадр резерві құрамына енген 350 жас маманның 218-і мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда резерв аясында жұмысқа орналастырылды.
– Жастар саясатын қалыптастырып, жүзеге асыру үшін қандай мәселеге басымдылық берген жөн?
– Мемлекет жастарға өз таланттарын пайдалануға және белсенді азамат ретінде қатысуға жағдай жасаған кезде жастар қоғамның толыққанды мүшесіне айналады. Бұл ретте жастарды дұрыс бағдарға бағыттауға басымдылық берген жөн деп есептеймін.
Сонымен қатар, жас буын көп жағдайда жастар саясатынан қалыс қалып жататыны бар. Осынау маңызды бағытты әзірлеуге және іске асыруға қатыспайды. Сондықтан кері байланыс алу үшін оларды негізгі стейкхолдерлер ретінде саясатты қалыптастыру процесіне кеңінен тарту қажет.
Тәжірибесі мол мамандар мен бастамашыл жас буын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса, дамудың даңғыл жолы айқындала түсер еді.
– Президенттік жастар кадр резервінің ерешелігі қандай? Жастар мемлекеттен жеткілікті деңгейде қолдау алып жатыр ма?
– Жастарға жан-жақты көмектесу мен қолдау саясаты жалғасып келеді. Бұл жұмыс мемлекеттік қызметте де іске асырылып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасына байланысты Агенттік алдында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті қойылған.
Нақты бір салада өзіндік жетістігі бар жас қазақстандықтарға іріктеуден өтіп, резервке кіру мүмкіндігі туды. Жоғарыда атап өткенімдей, резерв өкілдері жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға біраз уақыттан бері тағайындала бастады.
Осылайша, Президенттік жастар кадр резерві білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін пәрменді құрал болып отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ынталы жастар үшін әлеуметтік саты құру.
Резервке алынған жастарға белгілі бір саланы дамыту үшін білімі мен дағдыларын қолданып, мемлекеттік қызметте өз әлеуетін іске асыруға бірегей мүмкіндік берілген.
Резерв өкілдері – алдыңғы қатарлы іріктеуден сүрінбей өтіп, өздерінің жоғары дайындығын дәлелдеген адамдар. Осы орайда, олар мемлекеттік қызметтегі кез-келген басшылық лауазымға Президент жанындағы кадр саясаты бойынша ұлттық комиссияның шешімімен конкурстан тыс және жұмыс өтіліне қармастан жақсы позицияларға тағайындала алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Президенттік жастар кадр резерві өкілдерін жұмысқа орналастыру мәселесі Агенттіктің күн тәртібінен еш түскен емес.
Қазіргі уақытта Президенттік жастар кадрлық резерві аясында 218 (62%) резервші қызметке тағайындалды: орталық мемлекеттік органдарға – 103, жергілікті органдарға – 37, ұлттық компанияларға – 41, өзге ұйымдарға – 37 (АХҚО және т.б.). Бұл ретте саяси лауазымдарды 19 резервші, «А» корпусының лауазымдарын – 8,1 резервші Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, 1 резервші облыстық мәслихаттың депутаты қызметін атқарады.
Жеке салалардан келген осы дарынды жастардың елеулі бөлігі халық әлеуетін көтеретін жобаларды іске асырып, өз үлесін қазірдің өзінде қоса бастады.
– Президенттік жастар кадрық резервінің тиімділігі қандай?
– Айтып өткенімдей, Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру идеясы және жас әрі талантты профессионалдарды мемлекеттік қызмет жүйесінде ілгерілету қажеттілігін Мемлекет басшысы үнемі өз сөзінде айтып келеді.
Президентіміз мемлекеттік қызметтің өзгеруі, жаңартылуы тиіс екендігін, заманауи ойлайтын, тың трендтерді білетін жастарды мемлекеттік қызметке тарту қажеттігін баса айтып жүр.
Мен бұл бастаманы толығымен қолдаймын және Президенттік жастар кадрлық резерві мемлекеттік аппараттың құрамын сапалы түрде жаңарту мен жақсартуда тиімді құрал екендігіне сенімдімін.
Президент атап кеткендей: «Жастар Қазақстанның даму жолында шешуші рөлді атқарады. Прогрестің қозғаушы күші де біздің жастарымыз. Біздің жастарымыз еңбекқор, креативті, өз мақсатына жетуді біледі».
Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы жастарды қолдау шаралары аясында нағыз тиімді әлеуметтік лифтілерге қол жеткізуге, өздерінің кәсіби құзыретін дамытуға үлкен септігін тигізетініне сенімім мол.
– Жастардың дамуын тежеп отырған мәселелер бар ма? Оларды шешудің қандай жолын ұсынар едіңіз?
– Менің ойымша, қазіргі уақытта жастардың дамуына айтарлықтай кедергі жоқ. Бүгінде өз әлеуетін дамыту және пайдалану үшін барлық жағдай жасалған. Қазір, тіпті, жоғары білімі жоқ жастар айтарлықтай жетістіктерге жетіп жатыр. Сонда да, ескеруіміз керек. Сөз соңында қосып кететін екі мәселе бар:
Біріншісі, мектеп оқушыларына ерекше көңіл бөлінуі керек. Жасөспірім кезінен оларға «қоғамдық мәдениет» ұғымын сіңіру қажет деп есептеймін. Мәдениті жоғары жастар – өзгеріс пен өркениеттің негізгі қозғаушы күші.
Екіншісі, өздерінің әлеуеті мен болашақ векторын дұрыс анықтай алуы үшін мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларына кәсіби бағдарды анықтау сабақтарын қосқан дұрыс деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!