9 Қаңтар 10:20
...

Айзат Жұманованың күйеуіне қатысты сот үкімі жарияланды

Айзат Жұманова
Фото: әлеуметтік желіден

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты істе айыпты деп танылған күйеуі Айбар Жанболатқа сот үкімі жарияланды.

Алматы, NEGE. Айбар Жанболат Қылмыстық кодекстің «Қасақана адам өлтіру бабы» бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот жарыссөзінде прокурор Айбар Жанболатты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Істе жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған. Ал сотталушының кәмелетке толмаған қызына қамқоршылық нағашы апасына берілген. Сонымен қатар, жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қылмыс жасалған сәтте сотталушының мас күйде болғаны көрсетілген. 

32 жастағы Айзат Жұманова былтыр маусым айында Жетісу облысы Баласаз ауылында қаза болған. Оқиға күні ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болған.

Айбар Жанболат сол күні жұбайына медициналық көмек көрсетпеген, жедел-жәрдем де шақырмаған. Тек қылмыс жасағаннан кейін бірнеше сағат өткеннен соң, түнгі сағат 02:30 шамасында Талдықорған қаласының облыстық ауруханасына жеткізген. Ақырында Айзат Жұманова ес жимастан, дене жарақаттарының салдарынан «жансақтау» бөлімінде көз жұмды. 

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Жұманованың өлімі бас миының ісінуі мен домбығуы салдарынан болған. Бұл жағдай екі ми жарты шарында және мишықта жұмсақ ми қабықтарының астына кең көлемде қан құйылуымен, сондай-ақ маңдай бөліктерінің соғылуы әсерінен жабық бас-ми жарақатынан пайда болған. Сонымен қатар оң жақ шүйде сүйегінде сызық тәрізді сыну бар.

Комиссиялық сот-медициналық сараптама мәліметі бойынша, Жұманованың мәйітін алғашқы және қайталама зерттеу кезінде оның денесінде жылқы, көлік немесе адамның сүйретуі нәтижесінде пайда болатын жарақаттар мен іздер анықталмаған. Айзат Жұманованың бойынан жүктілік белгілері де табылмаған.