19 Желтоқсан 15:21
...

Айзат ісі: Күдікке ілінген күйеуі сотта «санасыздығын» мойындады

Айзаттың соты
Фото: NEGE

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында Айзат Жұманованың өліміне күдікті деп танылған күйеуі Айбар Жанболаттан жауап алынды. Ол марқұм жұбайының ата-анасынан кешірім сұрап, алайда өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. 

Күдіктінің сөзінше, сол күні болған жағдай түсінбеушіліктен туындаған. Сонымен бірге ол оқиға болған күні Айзатты бір-екі рет шапалақпен ұрғанын мойындады. 

«Бұл жағдай түсінбестіктен және өзімнің санасыздығымнан болды. Мен жарымды жақсы көрдім. Оны қасақана өлтіру ойымда болған жоқ. Бұл жағдайға дейін 15-20 күн бұрын арада түсінбестік болған. Ауылда байланыс нашар ұстайды. Ас ішіп отырған кезде телефон терезенің алдында тұратын. Біреу хабарласса, жазса сол жерден көреміз. Сондай күндері марқұм әйеліме хат келді. Тамақ ішіп отыр едік, сыртқа шығып, телефонмен сөйлесіп жүрді, – дейді Айбар Жанболат. 

Сотталушының айтуынша, бастапқыда бұл жайтқа күмәнданбаған. Алайда кейін Айзаттың тағы да телефонмен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен сөйлесіп жүргенін білгісі келіп, оның телефонын сұраған. Айзат «маған сенбейсің бе?» деген, ал ол сенбейтінін айтқан. Сол жерде екеуі бір-бірінің телефондарын сындырып тастаған.

Осыдан кейін олар біраз уақыт телефонсыз жүрген. Кейін Айзат жұмысшының телефонына өз SIM-картасын салып, байланысқа шыққан.

«21 маусым күні таңғы уақытта мен тауға кеткенмін. Сағат 17.00-де үйге келсем, марқұм әйелім телефонмен сөйлесіп тұр екен. Ашуланып, тағы кіммен сөйлесіп жүргенін сұрап едім, жауап бермей үйге кіріп кетті. Шай-тамағын дайындап жүрді. Маған ашуланды. Мен де шаршап келгенмін, ашуланып, алдымда тұрған тамағымды төгіп тастадым. Ашуланып, сыртқа шығып, мотоциклмен көрші ауылға кеттім. Дүкенге кіріп, 10-15 сыра алдым. Ауылға келер тұста 2-3-еуін іштім. Артынша танысыммен тағы іштім. Сосын үйге келіп, татуласпақ болдым. Келсем, кішкентай балам ұйықтап жатыр. Әйеліммен бірінші қабатқа түсіп, сырадан іштік», – деді Айбар Жанболат. 

Айбар Жанболат сотта берген жауабында екінші қабатқа қайта көтеріліп, қызын барып көргенін айтты. Сол кезде Айзаттың қақпаның жанында тұрғанын байқаған. Оның сөзінше, Айзат қасарысып, үйге кірмей қойған. 

«Қарсыласқан соң ол жерде де 1-2 рет шапалақпен ұрдым. Екі қолтығынан демеп, үйге қарай келе жатыр едім, ол кірмей қойды. Үйге кіргенде баспалдақтан құлатып алдым. Есік темір болған, соны ашайын дегенімде сол жерде тағы бір құлатып алдым. Баламды тексеріп едім, ұйықтап жатыр екен. Ары қарай сырамды ішіп, теледидар көріп отырдым. Бір кезде әйелім қасыма отырып, басым қатты ауырып тұр деді. Өңі бозарып кеткен. Басым ауырып тұр деп, жантайып жатты. Жағдайы өте нашар екенін көріп, ауруханаға апармақ болып, көршіме айттым», – дейді күдікті.

Сөйтіп олар көршісімен көрші ауылға келген. Жол нашар болғандықтан, ауылға 2-3 шақырым жетпей, көліктің дөңгелегі жарылған. 

«Марқұм жарымды алып бардым. Аурухана жабық екен, сол арада уақыт жоғалтып алдым. Сосын Талдықорғанға қарай бет алдым. Ауруханаға кіргізіп, қолымнан келгенін жасадым, бірақ аманатымнан айырылып қалдым. Жазадан қашпаймын, – деді Айбар Жанболат соттағы жауабында.  

Сотталушы Айбар Жанболат марқұм әйелінің бас сүйегі мен қабырғасының неден сынғанын білмейтін болып шықты. Ол баспалдақтан құлаған сәтте сынған болуы мүмкін деп санайды.

Айыптау тарапы сот отырысында Айбар Жанболаттан не себепті жедел жәрдем шақырмағанын сұрады. Бұл жайттарға қатысты қойылған сұрақтарға сотталушы нақты әрі дәйекті жауап бере алмады.