28 Шілде 17:05
...

Әйтеуір тиын әкеле бастады. Биыл Ким мен Огай НЕГЕ мәз?

Ким
Фото: Фото: Nege.kz

2025 жылы мыс катодының әлемдік нарықтағы бағасы қымбаттап, «Қазақмыс» корпорациясының таза пайдасы өсе бастады. «Kazakhmys Copper» акционерлік қоғамы жариялаған I тоқсан бойынша есептілікке көз жүгіртсек, алғашқы үш айдың таза кірісі 70 миллиард теңгеден асқан. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,5 есе көп.

«Kazakhmys Copper» АҚ бірінші тоқсандағы выручкасы 487 миллиард теңгені көрсетті. Былтырғы салыстырмалы кезеңге қарағанда ол 180 миллиард теңгеге артық. Соның арқасында таза кіріс те жақсы көтерілді.

«Kazakhmys Copper» АҚ
Фото: «Kazakhmys Copper» АҚ 2025 жылғы I тоқсан есебі

Кәсіпорын бірінші тоқсанда Түркияға 190 миллиард теңге, ал Қытайға 167 миллиард теңгеге мыс сатқан. Былтырғыға қарағанда биыл бір тонна мыстың бағасы орта есеппен 500 долларға қымбаттау.

Мысалы, өткен аптада мыстың тоннасы Лондон биржасында 9 600 доллардан кем болған жоқ. Былтырғы 8 700 сынды бағаларға қарағанда биыл жағдай анағұрлым жақсы. Демек, «Қазақмыс» 2023 жылғы 100 миллиард теңгеден асқан таза кіріс көрсеткішін биыл оңай қайталайды.

Kazakmys
Фото: Nege.kz

Сол 2023 жылдың қорытындысында «Kazakhmys Copper» қожайындары Владимир Ким (70% үлес) мен Эдуард Огай (30% үлес) 37 миллиард теңге дивиденд көре алған еді. 2024 жылы кәсіпорынның таза кірісі 60 миллиард теңге деңгейіне құлдырап кетіп, екі акционер бір тиын дивиденд алмады. Ал келесі жылы кемінде 40-50 миллиард теңгені дивиденд ретінде шығарып алуға толық мүмкіндіктері бар.

«Қазақмыстың» қаржылық жүктемесінің құрылымы қызық. Кәсіпорын түрлі банктерден және әртүрлі шарттармен топырлатып қарыз ала берген. Дәл қазір оның банктер алдындағы борышы 670 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Бірақ, қордаланып қалған, үлестірілмеген кіріс сомасы да тура сол межеде. Акционерлері қаласа, өз кірісі есебінен бір мезетте қарыздарды жауып тастай алады. Бірақ олигарх Владимир Ким әлемде мысқа деген сұраныс ұзақ жылдар бойы сақталатынын, сондықтан қарызды ерте қайтаруға асығудың еш қажеті жоғын бізден жақсы біледі.