Айгүл Байбек бухгалтер ісіне қатысты: «Бауыржан Байбекті «құдіретті» етіп көрсетіп отыр»

«Aray Media Group» ЖШС-нің бухгалтері Ризагүл Махметова 281 млн теңгені жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының туыстары оның тек компания құрылтайшысы Айгүл Байбектің тапсырмасын орындағанын, ал қаржы жеткізушілердің қызметіне және әртістердің гонорарына жұмсалғанын алға тартуда.
Алайда Айгүл Байбек Nege.Aqsha-ға берген жауабында бұл уәжді жоққа шығарды. Оның айтуынша, 2023 жылдың наурыз–маусым айларында студияда жобалар болмаған кезде Махметова өз есепшотына 12 млн теңгеге жуық қаражат аударған.
- Тақырыпқа орай: Бауыржан Байбектің әпкесіне тиесілі компанияның бухгалтері НЕГЕ жеті жылға сотталды?
«Тіпті соңғы жұмыс күнінде (аудитор қосылғаннан кейін) өзіне 200 мың теңге аударып алған. Тергеу барысында анықталғандай, сотталушы Махметова өзін және туыстарын «байлыққа кенелтіп» қойған. Мәселен, 2023 жылдың 30 желтоқсанында ол 2,7 млн теңгені шешіп алып, оның 1,5 млн теңгесін бірден зергерлік бұйымдарды сатып алуға жұмсаған. Осылайша «Московский ювелирный завод» бутигінде «платиналы клиент» мәртебесін алған. Сондай-ақ, оның студияда істеген кезінде Астанадан пәтер, 2021 жылғы Volkswagen Tiguan және 2023 жылғы Hyundai Tucson көліктерін алғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, 2022 жылы туыстарына, соның ішінде әпкесіне, Эмираттар мен Вьетнамдағы бесжұлдызды қонақүйлер үшін шамамен 10 млн теңгелік тур сатып алған», – делінген хатта.
Сот материалдарында Махметованың басқа ресми табыс көздері болмағаны, зейнетақы жарналары да аударылмағаны көрсетілген. Бұрынғы күйеуі де тергеу барысында 2019 жылы студияға жұмысқа орналасқанға дейін оның қаржылық жағдайы қиын болғанын, банк шоттарының бұғаттаулы тұрғанын айтқан.
Айгүл Байбектің мәліметінше, бухгалтер мен оның бұрынғы күйеуінің есепшоттарына барлығы 196,2 млн теңге аударылған, ал жалақы түрінде тағы 79,5 млн теңге заңсыз алынған. Сонымен қатар, ол туыстарына тиесілі жеке кәсіпкерлердің есепшоттарына да пайдаланып, қаражат аударып отырған.
«Сонымен қатар сотталушы Махметова банк үзінділерін және қолтаңбаларды қолдан жасаған (экспертиза №6524, №9547), бастапқы құжаттарды жойып, басшылықтан ақпаратты жасырып отырған. Әшкере болғаннан кейін құжаттарды кеңседен шығарып, қылмыс ізін жасыруға тырысқан», – деді А.Байбек.
Айтуынша, студияның бұрынғы директорының да ұрлыққа қатысы болған, бірақ ол компанияға 90 млн теңге қайтарып, тараптардың татуласуына байланысты іс жабылған.
«Махметова, керісінше, жасаған қылмысын мойындамайды және ұрланған қаражатты қайтаруды да ойламайды», – деді ол.
Айгүл Байбек сот үкімін тым жұмсақ деп санап, шағым түсіргенін атап өтті.
- Тақырыпқа орай: Бауыржан Байбек Жапонияда жұмыс істеп жүр
Сондай-ақ ол бұрынғы бухгалтерінің Бауыржан Байбек пен оның отбасын «бәрін шешетін құдіретті тұлға» етіп көрсетуге тырысқанына наразылық танытты.