24 Қараша 16:41
...

Полиция Яна Легкодимованың қаза болар алдындағы сәттерін көрсетті

күдікті
Фото: polisia.kz

Атырау облысында қатігездікпен өлтірілген Яна Легкодимованың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Криминалдық полиция басқармасының өкілдері Polisia.kz басылымына істің мән-жайы туралы айтып берді. 

Астана, NEGE. 23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылғы 18 қазаннан 19-на қараған түні жоғалып, оның денесі тек сегіз айдан кейін Жайық өзенінің жағасынан табылған. 

Облыстық криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайыновтың сөзінше, бастапқыда іс «адам жоғалу» ретінде тіркелген. Кейін адам ұрланғаны туралы деректер пайда болып, іс кісі өлтіру бабына өзгертілген. 

Тергеу барысында полицейлер Янаның үйден шыққаннан кейінгі барлық қадамдарын бейнебақылау арқылы қалпына келтірген. Камералар қыздың ақ түсті көлікке отырғанын көрсеткен. 

Жанында есікті ұстап тұрған екінші ер адам болған. Кейін ол да автокөлікке отырған. Одан соң олар Талдыкөлге қарай бағыт алған, – деді тергеуші Темірхан Хажмұратов. 

Қаладағы камералар тексеріліп, көліктің бағыты анықталған. Осылайша екі күдікті әшкереленді. Бірі – Янаны тұншықтырған Ризуан Хайржанов, екіншісі – оған көмектескен Алтынбек Катимов. 

Олар оқиғадан екі күн өткен соң ұсталған. Бірі ауданға қашып кеткен, екіншісі көлікті жуып, іздерді жоюға тырысқан.

Сот санкциясы бойынша біз олардың парақшаларын тексердік. Хат алмасу барысында олар кісі өлтіру жоспарын талқылаған. Сондай-ақ, ғаламтордағы іздеу жүйесінде Қазақстанда адам өлтіру үшін қандай жауапкершілік қарастырылатыны және бейнебақылау камераларындағы жазбалар қанша уақыт сақталатыны туралы сұрақтар болған, – деді тергеуші Хажмұратов.

Қылмыскер мен марқұм бір университетте оқыған және 2022 жылдан бері таныс болған. Олар қыз-жігіт ретінде қарым-қатынаста жүрген. Тергеу мәліметінше, қылмысқа Хайржановтың басқа қызбен кездесіп жүргенін Яна біліп қойып, оның қалыңдығына бәрін айтпақ болғаны себеп болған.

Айта кетейік, 17 қараша күні Яна Легкодимованың өлімі бойынша сот үкімі шығып, айыпталғандардың екеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.