6 Тамыз 13:19
...

«Әйеліме лайк басып, комплименттер жазып жүрді» – Ернар Жиембай Руслан Берденовке не себепті оқ атқанын түсіндірді

Берденов
Фото: әлецметтік желіден

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай оқ атуына қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді. 

Алматы, NEGE. Ол кісі өлтіруге оқталды деп тағылған айыппен келіспейтінін, істеген ісінің жұмысына еш қатысы жоғын айтты. 

«Оқ атуыма қызғаныш себеп болды. Әйелім Берденовтің туыстарымен араласуын тоқтатпады және оны үнемі маған үлгі ететін. «Ол әлдеқайда денелі, костюмдері қандай сәнді, әрі қымбат» деп айтып отыратын. Жұмыста да үнемі қысым мен қорлау болды. Әйелім ажырасуға арыз берді. Берденов оған үнемі лайк басып, комплименттер жазып жүрді», – деді Е.Жиенбай сотта.

Руслан Берденов денсаулығына байланысты сот отырысына қатыспады. 

Естеріңізге сала кетейік, прокурор Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебін атаған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, Ернар Жиенбай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті жұмыстан шығарылады деген хабардан кейін өлтіруге әрекет жасаған.

2025 жылғы 21 сәуірде құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Жиенбайға Руслан Берденовтің тапсырмасымен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметінен босатылатынын хабарлаған.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, Жиенбай өз лауазымынан босатылатынын білген соң қатты ашуланып, эмоциялық күйзеліске түскен. Ол арақ ішіп, аңшы мылтығын алып, әкімдікке барған. Сол жерде ол Руслан Берденовті күтіп, оны көре салысымен артынан бірнеше рет, нақты айтқанда бес рет оқ атқан.