Әйелдер мен балаларды қорғайтын жобаға не кедергі: депутат екі министрлікке талап қойды
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг құрбандарына жедел көмек көрсетуге арналған PANA жобасын іске қосуда кедергілер туындаған.
Астана, NEGE. Құрылтайда депутаттар жобаның маңызына тоқталып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен оны прокуратура, ІІМ мен дағдарыс орталықтарының өзара жұмысын үйлестіретін FSM Social цифрлық платформасына қосу мәселесін шешуді талап етті.
Депутат Лариса Лидің мәлімдеуінше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы маңызды заңдар қабылданғанымен, зардап шеккендер саны әлі де азаймай отыр. Оның айтуынша, қолданыстағы қорғау тетіктері көбіне оқиға болғаннан кейін ғана іске қосылады. Ал зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары тиісті деңгейде жұмыс істемейді.
«Зорлық-зомбылық немесе қудалау кезінде жәбірленушінің қауіптен құтылуына санаулы минуттары ғана болады. Абдырап қалған, жанында телефоны мен ақшасы жоқ адам алыстағы полиция бөлімшесіне хаттама толтыруға бара алмайды. Егер бірден паналайтын қауіпсіз орын табылмаса, ол қауіпті жағдайдың құрсауында қалуы мүмкін», – дейді депутат.
Осы мәселені шешу үшін PANA жобасы әзірленген. Ол тұрғындарға жақын орналасқан дүкендер, дәріханалар, ПИК және МИБ кеңселерінде арнайы «Сенім нүктелерін» ашуды көздейді.
«Үйінен 60 секундтық жерде орналасқан есіктен PANA геолокациялық белгісін көрген әйел немесе бала ішке кіреді. "Үш қадам" хаттамасына сәйкес, мекеме қызметкерлері оларды қызметтік бөлмеге кіргізіп, агрессордан оқшаулайды, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тиісті қызметтерді шақырады», – дейді Лариса Ли.
Бұл жобаға қатысуға нысандардың көбі дайын екенін растаған. Алайда жобаның толыққанды жұмыс істеуіне, депутаттың сөзінше, оның FSM Social цифрлық платформасына қосылмауы кедергі келтіруде. Ал жүйеге интеграциялау қауіп туралы хабарламаны барлық жауапты органға бір мезетте жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық көмекшілердің жұмысы цифрлық картада автоматты түрде тіркеліп, олардың қызметін бақылау жеңілдейді.
Сауалда өңірлерде жергілікті байланыстардың салдарынан кейбір істердің назардан тыс қалу қаупі де көтерілген. Депутаттың пайымдауынша, FSM Social жүйесінде сақталатын цифрлық із мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Қазір Астана, Көкшетау және Теміртау қалалары жобаны пилоттық режимде іске қосуға дайын. Осыған байланысты депутат екі министрліктен PANA жобасын іске асыруға кедергі келтірмеуді және пилоттық қалалардағы қоғамдық көмекшілер үшін жеке IP-мекенжай бөліп, біржақты жұмыс істейтін техникалық контур құруды талап етті.
Депутаттық сауалда қоғамдық көмекшілердің мемлекеттік деректер базасына қол жеткізе алмайтыны да атап өтілген. Олар тек көмек сұраған азамат туралы бастапқы сигналды жібереді, ал ақпаратты өңдеу уәкілетті мемлекеттік органдардың құзырында болады. Жоба авторларының айтуынша, мұндай техникалық шешім дербес деректердің қауіпсіздігіне қатер төндірмейді және бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы әйелдің кісі қолынан қаза табуына байланысты пікір білдіріп, мұндай қылмыстардың әрқайсысына қатаң құқықтық баға берілуі керек екенін айтты.