5 Наурыз 16:25
...

«Еркек – әйелге айналды...» – Әртістер апаттың себебін азғындықтан көреді

Табиғи құбылыс
Фото: NEGE

Алматыдағы жер сілкінісі біраз жұртты әбігерге салды. Әсіресе, әр отырған-тұрғанын жұртқа жария етуден жалықпайтын әнші-актерлердің алды Алматыдан Астанаға көшуді ұйғарғанын айтса, қолы жеткендері жер үйге көшуді жөн көргенін жазуда.

Мәселен, «Раим екеуміз көзіміз бақырайып қуаныштан ұйқтай алмай жатырмыз» деген Ерке ЕСМАХАН жер үйлі болатынын айтып, тыңдарманнан сүйінші сұрады.

«Қорыққаннан келісімшартқа қол қойып келдік»

Әнші
Фото: әлеуметтік желіден

«Біздің жанұяда бүгін қуаныш. Оны сіздерге мен айтпасам, күйеуім точно айтпайды. Жер сілкінген соң ес жиып, қорыққаннан тез барып келісімшартқа қол қойып келдік. Енді салынып біткенін күтеміз. Алла түрлі табиғи апаттардан сақтасын. Тек аманшылық болсын», – деп жазды хитменнің келіншегі.

Осы ретте өзге өнер өкілдеріне шығып көрдік. Театр көрермендеріне Әсел мен Луиза, ал телекөрермендерге «Базарбаевтар отбасы» арқылы танылған Аида ЖАНТІЛЕУОВА тосыннан келетін табиғи апат жайлы біраз ойын ортаға салды.

«Қонаев пен Нұрқаділов салдырған үйлерді сапалы санаймыз»

Актриса
Фото: massaget.kz

– Тұрғындардың көпшілігі алдын ала неге дабыл қоспайды деп даурығады. Дегенмен, оның барлығы бір Алланың қолындағы дүние ғой. Дамыған Жапоня мемлекетінің өзінде жер сілкінісін алдын ала жеткізу техникасы жоқ. Салдарынан халықтың еті үйреніп кеткені сондай, әрдайым жер дүмпуін сабырмен қабылдайды, – деген актриса бізге де сабыр сақтауды үйрену қажеттігін айтып отыр.

«Ол табиғи газ болғандықтан солай сілкініп шығады. Өзіміздің ішімізге жиналған газ да қалайда шығады ғой. Оған бола ТЖМ-ны кіналаудың қажеті жоқ», – деген ол, бір қайыры Құдайдан амандық тілеу екенін алға тартты.

«Ниетімізді түзеу керек. Азғынданып бара жатқан заманда адамдардың санасын сілку мақсатында осындай сынақ жіберіп жатқан шығар. Әйел – еркекке, еркек – әйелге айналып, қалаберді балалар зорланып жатқан уақытта осылай тәубамызға келтіргісі келген болар», – деп сөзін сабақтады ол.

Көпқабатты үйлерді паналаған Аида үрейленгенде қаладан тысқары тұрып жатқан ата-енесіне кетіп қалады екен. Ал өзінің сейсмологиялық апатқа төзімді ескі үйде тұрып жатқанын жеткізді. Бірақ әзірге жер үйге көшуге ниетті емес екен.

«Қонаев пен Нұрқаділов салдырған үйлерді сапалы санаймыз. Ал соңғы жылдары салынған үйлерден қорқамыз», – дейді ол.

Әнші Мақсат БАЗАРБАЕВ үйдегі бала-шағасы мен үлкен кісілер үшін алаңдаушылық танытса керек. Жердің толқуын адамдардың пейілімен байланыстырған өнер иесі: «Алланы ауызға алмайтындар кәлимға тілін келтірді», – дейді.

«Тойымсыздық пен зинаның көбейгендігінен...»

Әнші
Фото: ғаламтордан

«Қаңтарда жер сілкінген сәттен байқағаным, адамдардың көбісі мешітке тығылып жатыр» деген әнші, төтенше оқиға кезінде өзі үлкендердің қасында қалып, жұбайы мектептегі балаларға жүгіргенін жеткізді. Базарбаевтың өзі де көпқабатты үйде тұрады. Енді жер үй алуға ниеттеніп отыр.

– Жер үйдің бағасы қымбаттап жатыр дейді. Бір жаманы – бізде қандай жағдайдан болсын пайда көріп қалу деген түсінік қалыптасқан. Ал адамгершілік жағынан жұрдаймыз. Осындай тойымсыздық пен зинаның көбейгендігінен, үлкенге құрмет, кішіге құрмет азайғандықтан зілзала болып жатқан сияқты. Елдің бәрі үйіне, бала-шағасына жүгірді. Біреуде көлік бар болса, біреуде жоқ. Ал таксистер айналдырған екі кварталға 8700 теңге сұрапты. Амал жоқ жұрт төледі. Бірақ сол ақшаны алған адам байып кетті ме? Қарғыс алма, алғыс ал» деген ғой, – деп күйінді әнші.

Бірақ қалай болған күнде өнер иесі Алматыны ешқандай қалаға айырбастамайтынын, яғни, өзге қалаға көшпейтінін айтады.

– Студенттік шағым мен қызықты сәттерім, бәрі осында өтті. Сондықтан бұл қаланы қайтып тастаймыз? Мені қабылдаған ортаны мен қалай қиямын?! Осы жерде өніп-өсіп жатқаныма шүкіршілік етемін. Апат атаулы болмасын деп тілеймін!, – дейді М.Базарбаев.

«Сағындым Алматымды» деп әсем қаланы ән бесігінде тербеген белгілі композитор Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ та Алматыға адал екенін алға тартты.

«Мен ешқайда кетпеймін»

Әнші
Фото: ғаламтордан

«Көппен көрген ұлы той» деген Қоразбаев: «Мен ешқайда кетпеймін. Себебі, бұл шаһарды жақсы көремін», – деді.

Халық әртісінің өзі жер үйде, ал балалары көпқабатты үйде тұрады екен. Төтеншеліктерді сынға алғанды құптамайтын кейіп танытқан ол: «Олар да адам баласы ғой. Білетін болса, «Мынша минут қалды, далаға шыңығдар!» деп айтпай ма?! Дабылдың өзін сілкінген соң минут өткенде бірақ қосты. Білсе, олай жасамайды ғой», – дей келе, Алматы тұрғындарын әрдайым береке-бірлікке жұмылуға шақырды.