Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуіне қатысты пікір білдірді

Қазақстанның бұрынғы президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптада Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуіне қатысты пікір білдірді.
Алматы, NEGE. Айдос Үкібайдың айтуынша, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путинді достық қарым-қатынас байланыстырады.
- Тақырыпқа орай: Сұрағы мен сұрауы көп кездесу: Назарбаев Путинге НЕГЕ барды?
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта болды. Оны Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады, бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып келеді. Тұңғыш Президент бірқатар әлемдік көшбасшылармен байланыста – бұл телефон арқылы сөйлесу, жеке хат алмасу және жекелеген кездесулер арқылы жүзеге асады. Бұл тек Ресейге ғана емес, сондай-ақ Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттерге қатысты. Мұндай өзара іс-қимыл форматы халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және мемлекеттік қызмет жылдарында қалыптасқан жеке байланыстарды көрсетеді», – деді Айдос Үкібай.
- Тақырыпқа орай: «Зейнеттегі адамның іші пысатын шығар» – Назарбаев пен Путиннің кездесуі жайлы саясаттанушылар не дейді?
Сонымен қатар, экс-президенттің баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей Президенті Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізгенін атап өтті.
«Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей Президенті Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына келсек, ол Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырту алды. Алайда объективті себептерге байланысты ресми мерекелер күндері қатыса алмады және Мәскеуге кейінірек, жеке сапармен барды. Сондай-ақ ерекше атап өткім келеді, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұрады. Оның елден кеткені туралы хабарлар шындыққа сәйкес келмейді», – деп қосты Үкібай.
Естеріңізде боолса, өткен аптада Мәскеуде жүрген Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен Кремльде кездескен болатын.