Айдарлы әлі минуста. Владимир Ким НЕГЕ жаңа қарызға кіре бастады?
Олигарх Владимир Кимнің Astana International Exchange (AIX) биржасында тіркелген «Kazakhmys Holding Group B.V.» құрылымы 2030 жылдың соңына дейінгі мерзіммен және жылдық 7,5% купондық мөлшерлемемен 220 миллион доллар көлемінде облигациялар орналастыруда. Мұндай ставка суверенді облигациялардан жоғары болғанымен, ААА деңгейіндегі инвестициялық рейтингі жоқ шикізат компаниялары үшін қалыпты норма саналады.
Біздің ойымызша, бұл облигацияларға қызығушылық жоғары болуы тиіс. Сондықтан Владимир Ким биржалық нарықтан тез арада 220 миллион доллар қарыз ала алады деп санаймыз. Ол ақша Ким мырзаға не үшін керек болып отырғаны да түсінікті.

2025 жылдың қарашасында Владимир Ким «Қазақмыс» тобының активтерінің бір бөлігін өзінде сақтап, оларды жаңа «Qaz Copper Group» холдингінің құрамына жинақтады. Ал қалған активтер «Қазақмыс» ЖШС еншісінде қалып, «Qazaq Stroy» тобының иесі Нұрлан Артықбаевқа сатылды.
-
-
Тақырыпқа орай: Қазақмысты сатса да. Владимир Ким НЕГЕ қазақ байлығынан кетпеді?
-
Бір қызығы, Қазақмыстың перспективалы активтерінің бірі – «Aidarly Project» акционерлік қоғамын Владимир Ким өзінде сақтап қалған. Aidarly Project Абай облысында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанын ескерсек, Нұрлан Артықбаев негізінен Қарағанды, Балқаш және Жезқазған жақтардағы Қазақмыс активтеріне қызыққан деген қорытындыға келуге болады.

Осы жерде тағы бір сұрақ туындады. Владимир Ким өзінің басқарушы компаниясы – KCC B.V. құрылымын қайда жіберді?
Бұған дейін «Kazakhmys Copper» АҚ KCC B.V.-ға тиесілі болса, биылғы жылдың басынан бері Kazakhmys Copperдің жалғыз акционері ретінде «KCC Copper Limited» жеке компаниясы көрсетілген.
KCC B.V.-дағы үлестің 70 пайызы Владимир Кимге, 30%-ы Эдуард Огайға тиесілі болған.
Ал «KCC Copper Limited» компаниясындағы үлестер қалай бөлінгені белгісіз. Өйткені ол туралы ашық деректер жоқ және 2025 жылғы қаржылық есептер әлі жарияланбаған. Дегенмен, біздің пікірімізше, үлестер бұрынғы 70/30 пропорциясында сақталуы тиіс.

«Қазақмыс» тобының біршама қарыздары Qaz Copper Group-ке мұраға қалғаны айқын. Капиталдандырылған тау-кен активтері 67 миллиард теңгені құрайтын «Aidarly Project» акционерлік қоғамы әлі кіріске шыға алмай отыр. Айдарлының 2024 жылғы таза шығыны 5 миллиард теңгеден асты. Ал жинақталған шығын көлемі 9 миллиард теңгеге жеткен.
Оның үстіне «Aidarly Project» компаниясының ғылыми-конструкторлық жобаларға, әлеуметтік келісімшарттарға және кен орнын қалпына келтіру міндеттемелеріне байланысты 63 миллиард теңгеден астам берешегі бар.
Владимир Ким облигациялар орналастырып, нарықтан қарыз ретінде алатын 220 миллион долларды шамамен 110 миллиард теңге деп есептесек, бұл қаражат Aidarly Project қызметін қолдауға және оның міндеттемелерін өтеуге жетіп тұр. Олигархтың табыс әкеліп тұрған «KazMinerals» халықаралық тобы түсім мен пайданы доллармен алатынын ескерсек, жылдық 7,5% деген мөлшерлеме Владимир Ким үшін өте қолайлы шарт болып саналады.
Шарт бойынша олигарх негізгі қарыздың үстінен 2027-2030 жылдар аралығында төрт рет 16,5 миллион доллардан купондық сыйақы төлейді. Сонда 4 жылда 66 миллион доллар процент төлеп, 2030 жылы 220 миллион доллар негізгі қарызды инвесторларға бір траншпен қайтаруы тиіс.