Айдар ӘЛІБАЕВ: Жас генерал Үкіметті қалай басқармақ?
Жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов жайлы жұрттың пікірі тура қазір қақ айырылып тұрған тәрізді. Біреулер «Үкіметке жаңа буын, жаңа көзқарас келді, тәртіптің адамы керек еді» десе, енді біреулер кәсіби және өмірлік тәжірибесіне қатысты сын айтып жатыр.
Қазақстанға қазір қандай Премьер-министр керек? Президент Қ.Тоқаевтың таңдауы неге О.Бектеновке түсті? NEGE-нің бұл сауалдарына экономист Айдар ӘЛІБАЕВ жауап берді.
– Бұл сұрақтың жауабы маған да қызық болып тұр. Бектенов ешбір позиция бойынша премьер-министрдің лауазымына сай келіп тұрған жоқ. Ол өндірісті білмейді. Экономикадан, ауыл шаруашылығынан бейхабар. Кәсіпорынның не екенін ұқпайды. Денсаулық сақтау, білім беру салаларын да біледі деп айта алмаймын. Мұның бәрін кеңес дәуірінде «халық шаруашылығы» деп атайтын еді. Премьер-министр болу үшін елдің ішкі өмірінен, мемлекеттің шаруашылығынан хабардар болу керек.
Биографиясына қарасақ, ол өмір бойы күштік құрылымда қызмет еткен. Сонда өсіп-өнген. Сонымен? Премьер-министрдің орынтағында жас генерал не істемек? Демек, ол кәсіби тұрғыдан сәйкес келмейді. Бұл – бір!
Екіншіден, ол жас-шамасы тұрғысынан да бұл орынға лайықты емес. Мұндай қызмет үшін ол тым жас. Өйткені, Премьер-министр болуға тек қана кәсіби тәжірибе ғана емес, өмірлік тәжірибе де қажет. Менің көзқарасымша, оның өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз.
Үшіншіден, Премьер-министр лауазымына күштік құрылым өкілін тағайындау не үшін керек болды? Президент Тоқаев үкіметті бір сығып алғысы келсе, мұны Президент әкімшілігі басшысы қызметінде отырып жасау өте ыңғайлы болар еді. Өйткені, әкімдер де, министрлер де Премьер-министрден ешқашан қорыққан емес. Бізде бұрынан сондай дәстүр қалыптасқан. Смайыловтан қорыққан біреу бар ма? Әлде, Сағынтаевтан немесе Мәминнен қорықты ма? Ал Президент әкімшілігі басшысынан әкімдер де, министрлер де аяғын тарта жүреді. Сондықтан қандай да бір қыр көрсету үшін, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа «тәйт» деу үшін Президент әкімшілігі басшысы болу жеткілікті еді.
Ал Премьер-министр сансыз шаруашылық мәселелерін – өндіріс, экология, су, зауыт, жолдар, жылу, электр, энергетика, ауыл шаруашылығы мәселелерін шешумен айналысуы керек. Ал Бектенов мұны қалай атқарады? Үкіметті қалай басқармақ?
Бәлкім, Үкіметтің кеңейтілген отырысында неліктен осы жас жігітті Премьер-министр етіп тағайындағанын президенттің өзі түсіндіріп беретін шығар. Себебі, мұндай сұрақ жалғыз менде ғана туындап отырған жоқ. Жұрттың бәрінің көкейінде осы сұрақ тұр, – деді А.Әлібаев.