Айбар Теменов Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды
Алматы облысы әкімі аппараты басшысының бұйрығымен Айбар Талғатұлы Теменов Алматы облысы әкімінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.
Алматы, NEGE. Айбар Талғатұлы 1983 жылы туған, білімі жоғары. 2004 жылы Пекин педагогикалық университетінің қытай тілі және әдебиеті колледжін «қытай тілі және әдебиеті», 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «елтану», 2007 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «экономика» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының мәдениет, тілдерді дамыту, білім және спорт бөлімінің бас маманы болып бастаған.
Әр жылдары Медеу ауданы әкімінің көмекшісі, Медеу ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы, Алматы қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, Kazakh-sino Silkway Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының кеңесшісі, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді.
2022 жылғы қараша айынан 2024 жылғы сәуір айына дейін Алматы облысы туризм басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.