26 Қазан 13:00
...

Аягөздіктер қанша мемлекеттік баспанаға қол жеткізді?

Фото:

Тұрғын үй қазақстандықтардың шешімін табуға тиіс күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы ретте жыл сайын түрлі мемлекеттік бағдарламалар ашылып, өңір тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Соның бірі ретінде айтар болсақ,  «Бір қабатты Шығыс»  өңірлік бағдарламасы аясында  соңғы жылдары Аягөз ауданы бойынша көптеген отбасы үйлі болды. Бірақ жергілікті тұрғындардың тегістей баспана мәселесі шешілді дей алмаймыз. 

Мәселен, қазіргі таңда аталмыш аудан бойынша түрлі категориядағы 1300-ден  астам отбасы үй кезегінде тұрса, оның 300-і көпбалалы отбасылар болып табылады екен. Ал анық санаққа салар болсақ, бұл көрсеткіштің ішіндегі баспанаға зәру  1000 отбасы Аягөз қаласының тұрғындары болып табылады.

Аягөз аудандық ТКШ, АЖ және ЖК бөлімінің басшысы Думан Рғаев дәл қазіргі уақытта осы отбасылардың мәселесін шешу күн тәртібінде тұрғанын  айтады.

«Кезекте тұрған  тұрғындарды баспанамен қамту үшін  іргедегі  Ақтоғай кентінен бір қабатты екі пәтерлі бірнеше үйлер сатып алмақпыз. Сондай-ақ Аягөз  қаласынан да он үй алып, көпбалалы жанұяларды қоныстандымақ ойымыз бар. Бюджет мәселесі желтоқсан айында шешіледі. Егер қаражат бөлінсе, тұрғындарды қуантуды жалғастыра  береміз» –  дейді бас маман.  Сондай-ақ Рғаев мемлекеттік бағдарламалар аясында соңғы екі жылдың өзінде Аягөз шаһары бойынша 300-ден астам  жанұяның үйлі болғанын алға тартты. 

Иә, өткен жылы Аягөз қаласында 189 отбасы қоныс тойын тойлаған. Олардың басым бөлігі  «Бір қабатты Шығыс » өңірлік бағдарламасы бойынша баспаналы болған. Айта кетсек, аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында қала сыртынан 105 бір қабатты тұрғын үй тұрғызылған еді. Олардың 10-ы көпбалалы отбасыларға табысталса,  қалғаны  бюджет қызметкерлеріне қалта көтерерлік сомада жалға беріліпті. «Бірақ, ол үйлер соңында басыбайлы қоныстанушыда қалады» дейді Рғаев.

Ал, 2020 жылы Аягөз қаласында «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында екі 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй мен «Бір қабатты Шығыс» бағ­дарламасы бойын­ша екі пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 140 отба­сы баспанаға қол жеткізген.

«Дәл қазіргі таңда Аягөз қаласында елу пәтерлік екі жатақхана бар. Онда 29 жасқа толмаған жас мамандарды тапсырысқа сәйкес қоныстандырып жатырмыз. Ол санаққа медицина қызметкерлері, мұғалімдер, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған жас отбасылар кіреді. Баспана «Отбасы банк» арқылы жүзеге асуда», – дейді бас маман.

Тегтер: