Автотұрақ мәйіттерді өртейтін орынға айналды
Бір тәулікте 330 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырып, 2 жарым мыңға жуық науқас қайтыс болған. Үндістан медициналық қауымдастығының бұрынғы хатшысының айтуынша, елдегі барлық ауруханада науқастар көп.
Алматы, NEGE. «8 сәуірде тәулігіне 16 000-ға жуық ауру тіркелсе, бүгінде 324 000-нан асты. Бұл айсбергтің шыңы ғана. Тексерілмеген, расталмаған немесе симптомсыз жағдайлар көп. Соңғы тәулікте 2 263 адамның қайтыс болғаны да бізді алаңдатып отыр.
Қазір барлық ауруханаларда ығы-жығы науқас. Бірнеше күн бұрын Үндістанға 500 тонна оттегі жеткізілген. Бірақ бұл аз. Өйткені ауа жетпей деміккендерге 700 тонна оттегі баллоны қажет. Қиын сәтте крематорийлар мен мекемелердің де жұмысы еселенді. Дәрігерлердің айтуынша, вирустың алғашқы толқынында күніне 18 мәйіт шығарылатын. Қазір тәулігіне 80 дене өртеледі», - дейді Үндістан медициналық қауымдастығының бұрынғы хатшысы Рави Малик.
Ал медициналық орталық басшысы коронавирустан қайтыс болған науқастарды өртеп жатқандықтарын айтты. Олардың айтуына қарағанда, бұрын автотұрақ болған жер қазір мәйіттерді өртейтін орынға айналған.
«Біз күндізгі сағат 16:00-де 60-қа жуық денені өртедік. Сыртта тағы 15 мәйіт тұр өртейтін. Мен күнде көріп жүрген сұмдықты құдай ешкімге көрсетпесін деп тілеймін. 5, 15, 25 жастағы балалар мен жасөспірімдерді жағып жатыр. Енді үйленген жұбайларды да өртеп жатырмыз. Денелері өртке оранып жатқан көп кішкентай балаларды көргенде жүрегім қан жылайды. Бұрын бұл жер автотұрақ болған, қазір мәйіттерді өртейтін орынға айналды», - дейді медициналық орталық басшысы Джитендер Сингх Шунти.