31 Қаңтар 17:00
...

«Үкімет халықтан жылу жинауға кірісті» – Өнер қайраткерлері салықтың өсетінін қалай қабылдады?

Салық
Фото: Коллаж NEGE

Қазақстанда қосымша құн салығын (НДС) 12 пайыздан 20 пайызға көтеру қажеттігі айтылғалы біраз кәсіпкердің түн ұйқысы ұрланғандай. Ал сарапшылар мен бизнес өкілдері бұл мәселе күн тәртібіне енсе, елде қымбатшылық орнайтынын алға тартып, дабыл қағуда.

Бұл жағдай жеке кәсіпкер ретінде саналатын кейбір өнер адамдарын да айналып өткен жоқ. Мысалы, белгілі актер Санжар Мәди инстаграм парақшасындағы сторис бөліміне:«Менің де білім саласында бизнесім бар» дей келе, күйінішін «Айтарға сөзім жоқ!» деп жеткізіпті.

НДС
Фото: әлеуметтік желіден

Ал белгілі актриса Гүлнар Сейілбаева Тоқаев онлайн парақшасын тегтеп: «Сендер не істеп жатырсыңдар?! Бұлайша мемлекетті құрдымға кетіресіңдер!», – деп дүрсе қоя берді.

Актриса
Фото: әлеуметтік желіден

Тілшіміз өнердегі өзге де қайраткерлерге хабарласып, салық саласына енбек реформаны қалай қабылдағанын сұрап көрді.

Құрманбай МАХАН, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор:

                                                         Торғай құрлы жоқпыз ба?!

М
astanatv.kz

– Әрине, салық өскен сайын біздің де қалтамызды қағады. Өзім де жеке кәсіпкермін. Себебі концерттерді сол арқылы жасаймын. Салығы туралы есепті де ай сайын тапсырамын. Егер өсіріп жатса, қандай көрсеткіш бойынша санайтынын білмедім. Есептетіп те көрмедім.

Мен негізі ешқашан ештеңеге алаңдамайтын адаммын, ажиотажға да көңіл аудармаймын. Айналама сөзбен, әрекетпен зиян келтірмеуге тырысамын. Себебі, бақытты болуым үшін НДС-тің өсуі мен түсуі ешқандай кедергі келтірмейді.

Әр таңда елім, жерім, бала-шағам аман-есен болса, басқаның бәрі – өтпелі кезең. Торғай екеш торғай да таңертең ұясынан ұшып шығып, бала-шағасына жемтігін алып келеді ғой. Торғай құрлы жоқпыз ба?!

Әділ СЛАМХАН, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:

                                                    Кәсіп дегенге мүлдем қатысым жоқ

С
Ә.Сламханның инстаграм парақшасынан

 Мен өнер адамымын, жеке кәсіпкер емеспін. Сауда, кәсіп дегенге мүлде қатысым жоқ. Сондықтан өнер туралы ғана айта аламын.

Мирас БЕКЖАНОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                                                        Өте өкінішті

Бекжанов
© Sputnik / Тимур Батыршин

– Менде ИП бұрын болған, қажетінше салығын төлеп отырдым. Қазір ешқандай кәсібім жоқ. Дегенмен, салықтың көтерілгенін қай қазақ қолдайды дейсіз?!

Мысалы, кеше желіден жанармайдың бағасын еркін сатылымға жібергенін естідім. Бұл Еуропадағыдай бағаның шарықтауына алып келеді деген сөз. Ал бізде айлық мөлшері олардыкіндей қомақты емес қой. Онсыз да халық шақтап өмір сүріп жатыр. Ал жанармайдың өсуі астық пен дәнді-дақылдар шаруашылығына тікелей әсер етеді. Бұл әлбетте нанның бағасының өсуіне әкеледі. Осыны Үкімет неге ойламайды деймін.

Сол сияқты жолда келе жатсаң, жылдамдық мөлшері сағатына 60 шақырымды көрсетіп тұрады да аяқ асты 40 деп тұрады. Айналаңа қарасаң, жаяу жүргіншілердің де жолы жоқ. Алдың ап-ашық, ешқандай елдімекен де болмайды. Салдарынан қаншама жүргізуші айыппұл төлеп жатыр. Бұл халықты тонау ғой. Өзімізде қаншама жерасты байлығы бола тұра осылай өмір сүріп жатқанымыз өкінішті. Мысалы, Дубайды алайықшы, мұнайдың арқасында қалай дамып отыр. Ал біздің озық ойлы жастарымыз шетелге кетіп жатыр. Өте өкінішті.

Роза ӘЛҚОЖА, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші:

                                                         Біз де шарасыздардың біріміз

Ә
shazam.com

Иә, бұл ақпарды ғаламтор арқылы естідім. «Егер қосымша құн салығы өсіп кетсе, ИП дегеннің қаншалықты қажеті бар?» деген наразылықтарды да оқып жатырмын. Өзімде де ИП бар. Салық өсіп кетсе, әрине, қалтамызға ауыр тиеді. Егер ашқан кәсіп шығынын ақтамайтын болса, оның керегі қанша?! Қалай деген күнде біз де қымбатшылықты көппен бірге көретін шарасыз адамдармыз ғой.

Жандарбек БҰЛҒАҚОВ, айтыскер ақын:

                                        Бұған дейінгі саяси оқиғалар бізге сабақ болуы керек

Б
facebook.com

– Менде ИП жоқ, бірақ барлардың шырылдап жатқанын естіп жүрмін. Салықты не үшін өсіруге бел буып отырған саясатын түсінбедім. Анығын айтқанда, Үкімет халықтан жылу жинауға кірісті. Егер қазынада ақша біткен болса, ашық жариялау керек қой. Оның орынын салықпен, айыппұлмен толтыруға тырысудың қажеті қанша?! Бұған дейінгі саяси оқиғалар бізге сабақ болуы керек. Билік оңтайлы шешім шығарады деп ойлаймын.

Президент кеңейтілген отырысында экономика дамып жатыр, бірақ оған қарқын жетпей отыр дегенді айтты. Енді жергілікті атқарушы биліктер қарқынға қарқын қосу керек болар. Біз қазір тек қымбатшылық басу жағынан ғана қарқынды болып отырмыз.

Қалай деген күнде айыппұлдың да, салықтың да, қай қайсының өсуі халыққа жаппай сезіледі. Себебі, базар бір. Егер кәсіпкер төлейтін салығы артып кетсе, өнімінің бағасын өсіретіні анық. Бұған көптің бірі ретінде мен де алаңдаймын. Ал жалақының мөлшеріне қарасақ, халық қалай күн көреді деп уайымдайсың. Балаларымыздың әрқайсының білім алуы, жүріп тұруы, қыл аяғы дамуы да ақшаға тәуелді болып қалды ғой.

Редакциядан: Соңғы кезде өзінің шоколад маркасын шығара бастаған МузАРТ-тық Кенжебек Жанәбіловтен жағдайды сұрауға тырыстық. Бір қызығы, атын атай, амандығын сұрағанымызда «Жақсы!» деп жылы жауап берген өнер иесі, салық туралы сауалымызды естігенде: «Мен Кенжебектің көмекшісімін» деп жалтара салды...