Австралиядағы апатқа кім қандай көмек берді?

Әлемдік деңгейдегі саяси қайраткерлер мен киножұлдыздар, спортшылар Австралиядағы алапат өртті тоқтатуға көмек қолын созып жатыр. Көбісі қаржылай қарасып, қал-қадірінше қолдауда.
Крис Хэмсворт
Marvel кинокомпаниясы түсірген Тор фильмінің бас кейіпкерін сомдаған актер Крис Хэмсворт өзінің Instagram парақшасында «Сіздер секілді, мен де Австралияда бой бермей жатқан алапат өртке қатысты күресті қолдағым келеді. Мен отбасыммен қолдау ретінде миллион доллар бөлгелі отырмын. Сіздер де қолдап, өз үлестеріңізді қосады деп ойлаймын», – деп жазды.
Танымал актриса Николь Кидман да жарты миллион, әнші Пинк те жарты миллион доллар, актриса Хилари Дафф, әнші Селена Гомес, актер Рассел Кроу, тележүргізуші Эллен Дедженерс секілді біраз танымал тұлғалар ақшалай қолдау көрсетті. Халықаралық дәрежедегі спортшылардан австралиялық теннисшілер Ник Кирьос 200 мың доллар, Алекс Де Минуар мен Джон Миллмен, әлемдегі екінші ракетка чехиялық Каролина Плишкова, ресейлік Мария Шарапова 25 мың доллар беріп, сербиялық Новак Джокович те материалдық көмек берді.
Кейлен Уорд
Кейлен Уорд деген америкалық модель өзінің жағажайда жатқан жартылай жалаңаш суретін қайырымдылық қорларға саудалап, одан түскен 350 мың долларды Австралияға аударған. Ол өзінің әрекетін Twitter желісінде жариялап, ондаған мың жазылушысына жексұрын болса, Instagram «сексуалды агрессивті контент» ретінде оның аккаунтын бұғаттап тастаған. Кейленнің өзі болса басқа да әлеуметтік желілер арқылы бұдан да сорақы суреттерімді жариялап, Австралияға көмек ретінде ақша аударуды тоқтатпаймын деп отыр.
ІІ Елизавета патшайым
«Мен үшін Австралияның бірталай жерін күйретіп, ұзақ уақыттан бері бой бермей жатқан өрт жайлы есту өте ауыр болды. Жедел қызмет өкілдеріне, өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, қиындыққа тап болған елге көмектесіп жатқан кісілерге шексіз алғысымды білдіремін. Біз, принц Филипп екеуміз австралиялықтар үшін дұға тілеп, сіздерге көңілімізді білдіреміз», – деп жазды.
Кембридж герцогтігі
«Біз бүкіл Австралияда ормандардың отқа оранып, үйлердің өртеніп жатқанын, жан-жануарлардың қырылғанын естіген сайын жанымыз ауырады. Біздің бар ойымыз, барлық дұғамыз осынау табиғи апатта зардап шеккендерге арналады. Өртпен алысып, өзгенің амандығы үшін өз өмірін қиған өртсөндірушілер мен жақындарын жоғалтқан отбасыларға қайғыра көңіл айтамыз», – деп жазады принц Уильям мен Кейт Миддлтон.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, АҚШ президенті Дональд Трамптар Австралия халқы мен билігіне сөзкөмек беріп қана қоймай, материалдық қолдауын да білдіріп жатса, кіп-кішкентай экобелсенді Грета Тунберг өзінен зор әңгіме қозғап, тұп-тура саяси үндеу тастапты. «Австралиядан көтерілген қою қара түтін Жаңа Зеландияның мұздықтарына барып қонып жатыр. Климаттық проблемалар қанша көтерілсе де, әлі күнге саяси әрекет жоқ. Өйткені біз әлі күнге климаттық кризис пен табиғи апаттардың зардабын сезінбей келеміз. Біз мұны өзгертуіміз керек!», – деп жазады ол өзінің Instagram парақшасында.