21 Қаңтар 17:12
...

Авиаотын неге Президенттің сын-ескертпесіне дейін арзандамаған?

freepik.com
Фото: freepik.com

Мәжіліс кулуарында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев БАҚ өкілдерінің авиаотын бағасын төмендетуге қатысты сұрағына жауап берді.

Астана, NEGE. Журналистер министрден неліктен авиаотын бағасы Президенттің сын-ескертпесіне дейін төментеділмегенін сұрады.

«Авиаотын бағасы төмендейтінін айтып, тіпті шекті бағасын атадыңыздар. Ал осы нәтижеге қалай қол жеткізбекшісіздер? Бұған дейін авиакомпаниялар мен әуежайларға бағаны төмендетуге не кедергі болды? Неліктен Президенттің ескертулерінен, сын-пікірлерінен кейін кенеттен бағаны төмендетуге мүмкіндік беретін тетіктер пайда бола қалды?», – деп сұрады журналистер көлік министрінен.

Сауранбаевтың айтуынша, бағаны төмендетуге бірнеше құрал, оның ішінде импортталатын авиаотынның қосымша құн салығынан босатылғаны да себеп болған.

«Тетіктер бойынша құралдар өте көп. Біріншіден, "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясының отынды көтерме көлемде сатып алуға мүмкіндігі бар. Ал көптеген әуежай 200–300 тоннадан жеке-жеке сатып алады, сәйкесінше олардың бағасы бірдей. Екіншіден, мемлекет импортты ҚҚС-тан босатты. Бұл да бағаны белгілі бір мөлшерде төмендетуге әсер етті. Үшіншіден, әуежайлар әр ұшаққа жанармай құю үшін 200–300 доллар көлемінде роялти алып келген. Қазіргі таңда олар роялти мен инфрақұрылым алымын алмайды», – дейді көлік министрі.

Оның сөзінше, соңғы уақытта нарықта бағаның күрт өскені де өз әсерін тигізген.

«Қазақстан шекарасында авиаотнның бағасы 960 доллар болған. Ал бүгінгі таңда "ҚМГ-Аэро" сатып алған ең тқменгі баға – 715 доллар. Міне, осы факторлардың барлығы жалпы бағаның төмендеуіне мүмкіндік беріп отыр», – дейді Сауранбаев.

Ол Қазақстандағы авиаотын бағасын  «жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетті етуге күш саламыз» деп сендірді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының сынынан кейін авиаотын бағасы 890 долларға дейін төмендейтіні мәлім болды. 21 қаңтарда өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов авиахабтар үшін авиаотын бағасын тоннасына 1200-ден 940 долларға дейін, кейін 890 долларға дейін төмендеу жоспарланып отырғанын айтты.