16 Желтоқсан 17:43
...

«Авгийдің атқорасы»  немесе лоббизм лаңы

Фото:

Әміржан ҚОСАН, саясаткер

Жаңа Қазақстан шама-шарқынша ескі Қазақстанның кемшіліктерін тізіп, отыз жыл бойғы кір-қоқысы қордаланып қалған Авгийдің атқорасын тазартқысы келеді.

Шынымен де, қолда бар көп мүмкіндікті жөнді пайдалана алмаппыз. Әйтпесе, жер қойнауында Менделеевтің таблицасындағы элементтердің барлығы дерлік бар елді баяғыда-ақ үлде мен бүлдеге орап, гүлдендіріп жіберуге болатын еді ғой.

Меніңше, бар жөнсіздікті тек шенеуніктердің біліксіздігі, құлықсыздығы һәм жалқаулығынан, іскерлігі жоқтығынан көру дұрыс емес. Біліп істеген қиянат қаншама!

Сондықтан да отыз жылдың олқылықтарына байыпты баға бергіміз келсе, бізде әлі рәсімделмесе де, экономикалық және саяси шешімдерге мықты ықпал етіп отырған «лоббизм» деген кешенді де көпсалалы құбылысқа ерекше мән беру керек сияқты.

Фото: Ведомости

Бір ғана мысал. Таяуда, Бішкек қаласында өткен ЕАЭО саммитінде Ресей президенті В.ПУТИН қараңғы елдің көзін ашқандай болды.

Оның мәлімдеуінше, Қарашығанақтан шыққан қазақтың газы Орынборға жөнелтіліп, сонда өңделіп, содан кейін Қазақстан тұтынушыларына қайтып келеді екен.

Түсініксіз бір нәрсе бар: өз газымыздың қиын тағдыры туралы бізге неге өз өкіметіміз емес, басқа елдің басшысы тәптіштеп айтып отыр? Халқына есеп беруге тиіс үкіметіміз қайда?

Жә, ондай жайт бізге таңсық емес. Өзіміздің биліктің қоғам көзінен таса қимыл-әрекеттері хақында бөгде тұлғалар мен шетелдік БАҚ-тан естіп-білуге құлақ та, көз де, сана да үйренген.

Мынадай бір заңды сұрақ туындайды: сонда 30 жыл Тәуелсіз, өз қолы өз аузына жеткен ел бола отырып, өз жерімізде өндірілген газды өз зауыттарымызда өңдемей, басқа елдің кәсіпорнына тасып, одан қайта сатып алып неге соншалықты кіріптар боп қалдық?!

Өз жеріңде емес, басқа елде өңдеу деген сөз – сол елдің экономикасына көмектесу деген сөз емес пе?! Сол жақтағы кәсіпорынға тапсырыс беру, инвестиция құю, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, тиісті салықтар мен басқа да төлемдерді төлеу, ең бастысы, қосылған құны жоғары тауар өндіруіне жәрдемдесу! Осы жақсылықтың бәрін өз елімізге неге жасамай келеміз?

Бізде үкіметті «біліксіз әрі талапсыз» деп сынап, экономикамыздағы бар кемшіліктің себебін содан көру әдетке айналған. Ал дәл осы газ өңдеу (дәлірек айтсақ, өңдемеу!) мәселесіне келсек, оның түпкі себептері басқада сияқты.

Сөз жоқ, жер қойнауынан алынған кез келген қазба байлықты шикізат ретінде шетке шығармай, өз еліңде өңдесең, ол дегеніңіз – өз экономикаңызды қолдау! Оны дәу шенеуніктерді айтпағанда, экономика негіздерінен хабардар мектеп оқушысы да біледі. Ол үшін университет бітіру не министр болудың еш қажеті жоқ.

Сол себепті осыншама жыл Қазақстан газын Қазақстанда емес, Ресейде өңдеп, соны қайтадан елге жеткізу секілді аса құбыжық әрі кесапатты жобаны жүзеге асырып келген барша билік өкілдерінің басқаша, біз біле бермейтін, бірақ іштей сезетін бір мүддесі болды деп санаймын.

Оның аты – Ресейдің саяси-экономикалық лоббизмі!

Яғни, саяси-экономикалық шешім қабылдайтын институттар мен тұлғаларға әртүрлі ықпал етіп, өзіне қажет шешімді қабылдату! Ондай сыртқы ықпалдың үш түрі бар.

Бірі – қорқыту, үркіту, қоқан-лоққы жасау. Ондай нәрселер билік басындағыларды қылмысын не басқа, қоғамға жат істерін әшкерелейтін компроматтар арқылы жүзеге асуы мүмкін. Кешегі КСРО-ның бар архиві Мәскеуде жатқанының өзі не тұрады: онда сол кездегі басшыларымызға арналған бір-бір досье бар шығар!

Екіншісі – ақша не басқаша материалдық игіліктер арқылы ауызбастырық жасау.

Үшіншісі күрделірек әрі қауіптірек: яғни, көршісі не басқа беделді елдің саяси қолдауы не қамқорлығы үшін төленетін құн!

Фото: Коммерсантъ

Әйтпесе, отыз жыл бойына басқа елдің экономикасын асырап, өз мемлекетіміздің мүддесін аяқасты етуді қалайша түсіндіруге болады?!

Меніңше, ел боламын десек, ең алдымен, осы уақыт ішінде Қазақстанның мүддесіне қарсы қабылданған барша шешімдерге жаппай әрі толық ревизия (аудит) керек! Ол кесірлі шешімдерді қабылдауға кім мұрындық болды, кім сол тапсырманың елге зияны мен қаупі бар екенін біле тұра, соны экономикалық жағынан негіздеді, кім тиісті құжаттарды әзірледі, қабылдатты, бәрі-бәрі – президенттен бастап, премьерлер, олардың орынбасарлары, министрлер мен әкімдер, мұнай мен газ саласындағы квазимемлекеттік құрылымдардың басшылары, керек десеңіз, сол лоббистердің сойылын соққан саяси күштер, депутаттар, қоғамдық ұйымдар, жеке тұлғалар, БАҚ – бәрі-бәрі жауапқа тартылуы керек!

Олай етпесек, лауазымды лоббизм лаңынан құтыла алмаймыз! Ондай батыл қадамдарға брмасақ, Жаңа Қазақстанда да сондай лоббистер пайда болып, кері кетуіміз әбден ықтимал!

Өз елінің емес, басқа мемлекеттің мүддесін қорғап, соның сойылын соғатын, опасыз һәм сатқын билеуші топтарды «компрадорлық» деп атайды. Жаңа Қазақстанда компрадорлыққа жол жоқ!

P.S. Ішкі лоббизмнің орны бөлек. Ол күнделікті тәжіриебеде бар. Ол қоғамдық өмірдің бір құрамдас бөлігі. Онымен санасу керек. Ішкі лоббизмнің екі түрі болады.

Біріншісі – белгілі бір заңдармен реттеле отырып, ашық та жария түрде жүргізілуі мүмкін. Ол – өркениетті лоббизм.

Әгәрәки ол жұрттан жасырын жағдайда, жабық әрі құпия тетіктер арқылы жүзеге асса,  нағыз коррупцияға, соның ішінде, трансұлттық коррупцияға ұласады. Біздегісі сол – екіншісі.

Өз газымызды қарапайым қисынға кереғар түрде шетелде өңдету туралы тылсым тақырып – үлкен әңгіменің басы ғана.

Басқа байлығымыз да – мұнай, алюминий, хром, мыс пен мырыш, түрлі-түсті металдарымыз – шетелге шикізат ретінде жөнелтіліп жатыр емес пе? Ол лоббизмді кім, қашан тыяды?!

Тегтер: