Әулиекөл: Тоқаев уәде еткен үйлерді кім алады?

Қостанайдағы 43 гектардан аса аумақты шарпыған өрттен зардап шеккендер саны аз емес. Әсіресе, Аманқарағай ауылының тұрғындарына ауыр соққы болды. Өйткені, онда 100-ге жуық үй жанып кетті. Тілсіз жаудың тұзағына түсіп, үйсіз-күйсіз қалған жұрттың мәселесі тек гуманитарлық көмекпен шешілмейтіні анық. Мән-жайдың анық-қанығын білу үшін NEGE тілшісі ауыл тұрғындарын сөзге тартты.
Аманқарағайлық Наталья Павловнаның айтуынша, өрттің кең етек алып кетуіне техниканың жетіспеуі мен дұрыс ұйымдаспаған төтенше жағдай қызметі кінәлі.
– Өрт басталған кезде балаларымды, қолыма іліккен құжаттар мен дәрі-дәрмекті алдым да шықтым. Қалғанының барлығы жанып кетті. 20 жыл тұрған үйім ғой. Біздің үй мұнай базасының жанында еді. Техниканың көбі соны қоршап тұрды. Ал қалғандарында өрт сөндіруге су жетпей жатты. Қалай оларда су болмауы мүмкін?!
Тіпті ауыл тұрғындарының өзі бес-бес литрден су тасып, өрт сөндіруші көліктерге құйып жатты. Егер құтқарушы құралдар мен техниканың жабдықтары жеткілікті болғанда үйлерімізді сақтап қалуға болушы еді. Мұның барлығы – дұрыс ұйымдастырмаудың кесірі.
Осы кезге дейін мұндай үлкен өрт болған емес. Содан шошып қалған сияқты бәрі. Бұрын 7-8 жыл бұрын да өрт болған кезде әскерилер, өрт сөндірушілер келіп тез уақытта өшірген еді. Солай болатын шығар деп ойлағанбыз. Мүлде керісінше болды. Газ баллондары атылып, бәрі өртеніп кеткеннен кейін ғана көмекке техникалар келіп жатқанын көрдік.
Қазір гуманитарлық көмек беру штабынан киім-кешек пен көрпе-төсек алып, амалдай тұруға көнген Наталья Президент берген уәденің орындалатынына сенеді. Дегенмен, оны алаңдататын жайт тек өзінің ғана емес, бірге тұрған көршілерінің мәселесі.
– Қазір уақытша қызымның үйінде жүрмін. Ал ұлымның төрт баласы бар. Олардың да үйінен түк қалмады. Білмеймін, Тоқаев уәде берді ғой 2-3 айда бітіреміз деп. Көреміз енді оны. 1 миллион теңгеден береді деп те естідік. Оның да анық-қанығын білмеймін. Мен осылай қол жайып отыруды тілеп пе едім?! Үкіметтен осы кезге дейін ешқандай көмек сұраған емеспін. Ал пәтері жанып кеткендер не істейді? Мысалы менің үй жалдап тұрған көршілерім болды. Олардың қанша жылдан бері сол жерде тұрғаны маңызды емес боп қалды. Сонда олар далада қала ма?!
Натальяның қойған сұрағы негізсіз емес еді. Өрт басталған кезде Аманқарағай тұрғындарын эвакуациялап, Әулиекөлдегі Шоқан Уәлиханов атындағы мектепке орналастырған еді. Тоқаев келіп, тұрғындарға үй салуды уәде еткен жер – осы. Мектеп директоры Жеңіс Нұрмановтың сөзінше, зардап шеккендерге тамақ-киім бәрі беріліп жатыр. Мұғалімдер де өрт басталғалы бері кезекшілікпен жұмыс істеп, гуманитарлық көмекке келген заттарды түсіріп, осындағы тұрғындарға тамақ пісіріп көмектесіп жүр.
– Басында мектебімізге әкеп орналастырған адам саны 109 болған, қазір 18-і қалды. Олар – еш баратын жері жоқ, үйсіз қалғандар. Ал қалғандары туыс-туғандарына немесе пәтер жалдап кетті. Ал өрт кезінде эвакуацияланған адамдардыбәрі басылған соң үйлеріне апарып тастадық. Президент айтты ғой үй салып береміз деп. Қазір құрылыс басталып кетті. Үйсіз қалған тұрғындарды уақытша мектеп-интернатқа орналастыратын шығар. Ол жақтың жағдайы салыстырмалы түрде жақсы. Ал жаңадан салынатын үй тек құжаты барларға ғана берілуі мүмкін. Оның бәрін әкімшілік шешеді. Менің қызметім – осында қалған тұрғындарды орын, тамақпен қамтамасыз ету.
Директордың айтқанындай, мектептің үлкен залында көп керует босап қалған. Тек 5-6 орында бала-шағасымен жайғасқан ата-аналар мен қарт кісілер бар. Кішкентай сәбиін құндақтап отырған анаға жақындап, жағдайын сұраған едік.
Рузана Бабаева: Аманқарағайда үй жалдап тұратынбыз. Осы кезге дейін жиған-тергеніміздің бәрі жанып кетті. Қысқа деп сақтаған көміріміз, азын-аулақ малымыздан да түк қалмады. Енді осы мектепте жатырмыз өрт болғалы бері. Қандай жерде жатсаң да үйдей болмайды ғой. Үш балам бар. Соларды жуындыруға қолайсыз мысалы. Сол үшін қазір пәтер іздеп жатырмын. Балаларыма беретін жәрдемақыны төлеп тұратын шығармын сонда. Оның өзі жетпейді ештеңеге. Қайтадан ағаш пен көмір сатып алу керек. Қыс суық болады ғой. Не істейтінімді білмеймін.
«Ал өрттен зардап шеккендердің бәріне үй беріледі деді ғой?» деген сауалды естігенде Рузана басын шайқап, көзіне жас алды.
– Бізге үй бермейді. Өйткені оны біз жалдап тұрдық қой. Ал үйді құжаты бар, үй иелеріне береді деп айтты. Тіпті олардың құжаттары жанып кетсе де, ХҚКО арқылы анықтай алады.
Көрші керуетте қызын ойнатып отырған ауыл тұрғыны да әңгімеге қосылып, айтылған әңгімені растады.
Милан Багданович: Өрттен зардап шеккендердің бәріне үй салып береміз деді. Ол – тек жай сөз. Үйдің заңды иелері ғана береді. Ал бізге жоқ. Менің бауырым Аманқарағай әкімдігіне барып сұрады үй туралы. Олар тек үйдің заңды құжаты бар қожайындарына берілетінін айтыпты.
«Бізде құжат жоқ. Үйді жалдап тұрдық» десе, «Ол біздің мәселеміз емес» деп шығарып салыпты. Үй жалдап тұрсақ та, онда қаншама жыл жинаған дүние-мүлкіміз, қыстық отынымыздың бәрі өртеніп кетті ғой. Оны кім қайтарады бізге?! Тым болмаса, алғашқы бір уақытқа қаржылай көмек бергені жақсы еді. Қалай күн көреміз енді?!
Көңілін мұң мен уайым басқан ауыл тұрғындарын жұбатуға айтар сөз таппай, тек мәселені жазып қана көмектесе алатынымызды айтып есік жаққа беттедік. Бәрін алаңдататын жайт – қаһары қатты қыс кезінде бала-шағамен ақшасыз, үйсіз далада қалып қоймау. Ең өкініштісі, Тоқаевтың «Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді» деген сөзінің барлық зардап шеккендерге қатысты айтылмағаны.
Әсем Құлманова, Елорда.