«Ауызды жабуға тура келеді» – Әндері әлеуметтік желіде бұғатталған әншілер НЕГЕ қауқарсыз?
KazAK – Қазақстан авторлары қоғамына қатысты тағы шу шықты. Бүған отандық бірқатар әншілердің тректері Facebook пен Instagram желісіндегі Reels және Stories бөлімдерінде өшіп қалғаны себеп.
PRESIDENT жобасының авторы Әділ Балтабаев бұл жағдайдан соң, құзырлы мекемелерге сұрау салғанын жеткізді. Оның айтуынша, KazAK пен Meta халықаралық компаниясының келісімі бойынша Instagram қазақстандық әртістердің музыкасын пайдаланғаны үшін қаламақы төлеп келген. Алайда KazAK төлем көлеміне қанағаттанбай, оны көбейтуді талап еткен. Сөйтіп, арада келіссөз басталған. Ал келіссөз жүріп жатқанда, қазіргі келісімнің мерзімі аяқталып, жаңа келісім жасалмаған. Нәтижесінде Мета платформалардан KazAK-пен келісімшарты бар барлық қазақстандық автордың музыкасын алып тастауды ұйғарған. КазАК-тың құрамында елімізге танымал бірқатар әншілер бары белгілі.
Аталған мәселе төңірегінде желі арқылы алғашқылардың бірі болып дабыл қаққан – Ақбота Керімбекова. «Біз ондай одақтарға әнімізді тіркеп, табыс табуға жол ашқанымызбен, өзіміз үлкен бейнетпен жасап жүрген ротация жұмыстарын басқаруға, қалағанында өшіріп, оған қатысты рұқсатсыз шешім қабылдауға құзырет бермеген едік. Бұл басыну ма? Одан да ұрланып жаткан ән, рұқсатсыз айтып жүрген әншілермен күреспей ме?! Қайтарылсын!», – дейді ол.
Осы ретте мәселенің мән-жайын білмекке қазақ өнерінде қолтаңбасы қалыптасқан біраз орындаушыларға шықтық. Бір қызығы, қоңыр дауысымен тыңдарман жүрегінен орын алған Саят Медеуов авторлар құқығын қорғайтын ешқандай қоғамдық бірлестікпен келісімшарт жасаспаған болып шықты.
«Бір кездері аз-маз қаламақы төлеп тұратын еді. Қазір ондай жоқ. Тіпті оның қай бірлестік екенін де білмеймін»,– деді С.Медеуов.
Әнші қаламақы қумай жүргенінің себебін де түсіндірді: «Егер бас пайдаға бой алдырып, «ақысы төленбесе, әніміз еш жерде қойылмасын» деп талап қойсақ, қазақ әндерінің тамырына балта шабылады. Онда Қазақстанда қазақ әнін ешкім тыңдамайтын болады. Сондықтан ертеңгі күнімізді ойлап, сәл ауызды жабуға тура келеді. Болашақта жөні дұрыс ән қалу керек деген ниетпен ардан аттамаймыз».
Ал әндерін бүгінгі жастар қайталай шырқап жүрген Құрмаш Махан аталған мәселеден аттап өтудің бір жолы – музыкалық платформаларға тіркелу дейді. «Сонда әнші атаулыда әлеуметтік желілерде әндері бұғатталып қалады деген қорқыныш болмайды», – дейді.
«Мен KazAK-қа орындаушы ретінде тіркелгенмін. Бірақ көбінесе музыкалық платформалармен жұмыс істеймін. Сондықтан әндерім тик-ток пен инстаграмда тұра береді. Ал тіркелмеген әнім болса, әлбетте блоктап тастайды», – деді.
Өнер иесінің KazAK жұмысына көңілі толмайды. «Ол жақтан үш айда бір қаламақы жіберіп отырады. Бірақ оның мөлшері өте аз болғандықтан, анығын сұрамаймын. Тіпті, қай әнім үшін қанша түсті деп статистикасына да қызығушлық танытпадым. Ал музыкалық платформалар жүйелі түрде жұмыс істейтін болғандықтан, қаламақысы қомақтырақ. Себебі, олар кез келген әлеуметтік желіде пайдаланылған туындыңа қатысты есеп бере алады. Кафе мен мейрамханаларда қойылатын әндермен Қазақстан авторлары қоғамы айналысу керек», – деп түйіндеді.
Сондай-ақ Құрмаш Махан авторлық құқыққа қатысты мәселеде заңбұзушылық өте көп екенін айтты. Осы ретте түрлі телевизиялық бағдарламалар мен байқауларда орындалған әндері үшін еш қаламақы түспейтінін алға тартты. Дамыған мемлекеттерде авторлар қоғамының мұндай мәселемен жүйелі түрде жұмыс істейтінін айтқан ол, біздегі былықты бақылаудың жоқтығымен байланыстырды. Ал жүйелі жұмыс жасау үшін мақсат болу керектігін алға тартты.
«Өзінің бас пайдасын ойлағаннан кейін авторлар далада қалуы мүмкін. Егер әңгіме акцияға қатысты болса, жемқорлық болуы ықтимал. Олардың артында әлбетте дөкей мекемелер тұрады. Онда әлбетте қауқарсызбыз», – деп қайырды.
Құрмаш Махан Қазақстан авторлары қоғамында ашықтық жоғын да жеткізді. Мәселен, KazAK-тың өкілдерінен бірнеше мәрте тоқсан бойынша есеп беруін өтініпті. Алайда, жауап болмаған. Ал арнайы барып талап етуге уақытының да, құлқының да жоқтығын жеткізді.
Белгілі қобызшы, еліміздің атын алыс-жақын шетелде асқақтатып жүрген Ақерке Тәжібаева барлық музыкалық порталдан өзінің шығармаларын оңай жүктеуге болатынын айтады. Яғни, әлеуметтік желідегі композициялары еш бұғаттауға түспеген. Өнер иесі коммерциялық «Много музыки» атты музыкалық құқықтардың жетекші агрегаторымен келісімшартқа отыруды жөн көріпті.
«Орындаған шығармаларым аталған мекемеге тиесілі. Соған сай орталықтан тыңдарман әр тыңдаған және жүктеген туындыларыма қатысты қаламақы алып отырамын. Дегенмен, менікі аспаптық шығарма болғандықтан, түсім қомақты дей алмаймын. Сондықтан бізге қарағанда әншілер көбірек табады», – деді.