5 Қыркүйек 09:56
...

Ауыс-түйіс НЕГЕ Президент әкімшілігінен басталды?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқару саласында бірқатар реформа жасады. Жаңа министрліктер құрылды.  Президент аппараты мен үкіметте ауыс-түйіс жасалды. Үкіметтің құзыреті кеңейтіліп, президент аппаратындағы лауазымдар қысқартылды.

Кейбіреулер тағатсыздана күтсе де, премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ өз орынтағын  сақтап қалды. Десе де, Үкімет құрамында ішінара өзгеріс болды.

Бұл өзгерістер нені көздейді? Жаңа министрліктер не үшін құрылды? Бұл бастама ел дамуына қандай серпін бермек? Бұл жөнінде  NEGE тілшісі сарапшылардың пікірін білді. 

Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:

Кадр тапшы

– Президент тамыз айында экономикалық саясатының үлгісін жария етті. Бірақ әңгіме ағымдағы мәселелер туралы болды. Экономикалық саясатқа қатысты түбегейлі өзгерістер болмады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметті премьер-министрмен қоса ауыстыруға ешқандай себеп көрмеді.

Ол ішінара ауыс-түйіс жасады. Ең қызығы, онысын алдымен өзінің президент аппаратынан бастады. Тоқаевтың жолдауын мұқият қарасаңыз, бәрі анық түсіндірілген. Ол: «Үкімет Президент әкімшілігіне жалтақтай бермей, бұрынғысынан дербес және жауапкершілікпен қызмет атқару керек», – деді.

Сондықтан Президент өз аппаратының бұрынғыдай өкімдік қызметпен емес, бақылаумен айналысқанын көздеп, жетекшінің орынбасары қызметін алып тастады.  Бұған қоса, Үкіметтің өзінде ішкі бақылауды күшейту туралы сөз болып жатыр. Үкіметтің аппараты бар. Яғни, бұл – бұрынғы премьер-министрдің кеңсесі. Бұдан былай Президент аппараты емес, үкіметтің өзі бақылау қызметін атқаруы тиіс.

Министрлердің қызметін қатар атқарып жүрген бірқатар вице-премьердің, атап айтқанда, Жұманғарин және Дүйсенова жай ғана вице-премьер болып қалды. Жамаубаев та қаржы министрі қызметін қатар атқарып жүрді. Оларды қосымша жүктемеден арылтты.

Жаңа министрліктердің құрылуына келсек, су мәселесінің күрделеніп бара жатқаны түсінікті жайт. Ауыл шаруашылығында да, халықаралық қатынаста да. Барлық көршілерімізбен суға қатысты шешілмеген мәселелер бар. Сондықтан су ресурстарымен бөлек айналысатын министрлік құру – өте өзекті.

Көлік министрлігінің өз алдына бөлек отау құруын сөз етсек, бұл да түсінікті жайт. Соңғы кездері Қазақстан өзінің көлік-логистикалық потенциалын белсенді түрде дамытуға күш салып жатыр. Бұл жөнінде үкіметтің бүтін бір тұжырымдамасы қабылданған. Бұл – экономика тұрғысынан да, халықаралық қатынас тұрғысынан да ірі ұпай. Сондықтан бұған нақты ведомство жауапты берсін деп ұйғарған секілді.

Кадр резерві тапшылық көріп отыр. Басқа біраз орындар әлі бос тұр.

Ерлан САЙЫРОВ, Мәжіліс депутаты:

Парламент министрлерге қатысты мәселе қозғайтын болады

– Мәдениет және ақпарат министрлігі қайта қосылды. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені, мәдениет те, ақпарат та халықтың санасына әсер етеді. Президенттің бұған мән беруі дұрыс деп есептеймін. Аида БАЛАЕВА қызметін сол министрліктен бастаған. 1999 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қызметке тұрған еді. Баспалдақтың бәрінен өтті.

Қазіргі таңда барлық елдер мемлекеттік құндылық аясында халықты біріктіру жұмысын атқарып жатыр. Себебі, геосаяси жағдай өте қиын. Осындай кезеңде бұл министрліктің болғаны дұрыс.

Су және ирригация министрлігіне келсек, өздеріңіз көріп отырғандай, су мәселесі болашақта күрделене береді. Жаһандық жылыну мәселесі тағы бар. Суды үнемдеу және жаңаша пайдалану мәдениетін жасау керек. Ол үшін кешенді жұмыстар қажет.

Байқасаңыздар, министрлікке облысты басқарған әкімдер келіп жатыр. Яғни, халықпен тікелей жұмыс істей алатын, жергілікті проблемаларды білетін азаматтар.

Ауыл шаруашылығы министрі ауысты. Өйткені, бұл салада проблема өте көп. Көптеген кәсіпорын банкрот болып қалды. Бұл салаға да өңірде жұмыс істеген азамат келді. Нақты және кешенді жұмыстар болуы тиіс.

Және Қазақстандағы үлкен мәселенің бірі – кедейлердің санының артуы. Халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де жаңа кадр келіп отыр. Бұл салада сұрақтар өте көп. Әр министрдің нақты міндеттемесі болуы керек. Бұл министрліктің алдында кедейшілікті азайту міндеті тұр. Бұл – өте маңызды мәселе.

Ауыс-түйістің бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қандай министрлік шабан жұмыс істеп жатса, Парламент қызметке сәйкестігі жөнінде мәселе қозғайтын болады.

Айдар ӘЛІБАЕВ, экономист:

Өзгерістердің бәрін тиімсіз деп есептеймін

– Жаңа министрліктердің құрылуы, айталық, Индустрия, Өнеркәсіп және Көлік  министрліктерінің бөлінуі шынайы ахуалды өзгерте алмайды. Рас, бюджет шығындары көбейеді. Шенеуніктердің, вице-министрлердің, кабинеттер мен автокөліктердің саны, жалақылары артады.

Ал елдің дамуына келсек, Индустрия министрі Қарабаев осы уақытқа дейін тиімді бір нәрсе істемесе, не өзгеруі мүмкін? Ол енді көлік министрлігін басқармақ. Одан қандай пайда? Қандай әсер болмақ? Керісінше, бәрі нашар болады.

Экология министрлігі туралы да осыны айтуға болады. Иә, су мәселесі бар. Су ресурстарының проблемасы бар. Бірақ оны бұрын да шешуге болатын еді. Кім кедергі жасады?

Бізде су ресурстары жөніндегі комитет болды. Экология министрлігі болды. Осы мәселелерді шешетін бар құзіреті болды. Бұл үшін бөлек министрлік құрудың қажеті жоқ. Экология министрінің құзіреті бұл мәселелерді шешуге толық жететін еді. Шенеуніктер шөптің басын сындырмады. Сондықтан ешқандай үміт күтпеймін. 

Экология министрлігінен Су ресурстары министрлігіне баратын да – сол баяғы шенеуніктер.  Олар әрі қарай да қол қусырып отыратын болады.

Судың мәселесі – өте маңызды. Негізгі өзен-сулар бізге Қытайдан немесе Орталық Азия елдерінен келеді. Бұл мәселені тәжірибелі, сауатты әрі мемлекет мүддесі үшін жаға жыртысудан тайынбайтын, қыңырлау келіссөз жүргізушілер ғана шеше алады. Отыз жыл ішінде бірде-бір ондай адамды көрмедім.

Ал жаңа адамдар жоқ. Бәрі – бұрынғылар. Анекдотқа бергісіз жайт бар. Мәдениет және спорт министрлігі болған, оны Мәдениет және ақпарат министрлігі етіп құрды. Спорт министрлігін алып, Туризм және спорт министрлігі етті. Мұны қаншалықты өзгерте беруге болады? 20 жыл бұрын бізде Туризм және спорт министрлігі болған. Әлі есімде. Дәулет Тұрлыханов басқарды.

Не өзгерді? Министрлер мен вице-министрлердің саны көбейді. Жалақысы артты. Бірақ нәтиже жоқ. Спортымыз бен туризм бойынша қай орында тұрғанымызды өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан туристік ел емес. Жол, арзан қонақүй мен арзан мейрамхана жоқ. Арзан туристік маршруттар да жоқ. Тек қана сыбайлас жемқорлық пен пара ғана бар. Барлық жерде. Министрліктердің атауын өзгерткеннен не өзгермек?

Сондықтан осы өзгерістердің бәрін тиімсіз деп есептеймін.

Тегтер: