«Ауыр тиді» – Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі «Дикий Арманға» қолдау білдірді
«Нойс» лақап атымен танымал Нұржан Иманәлиев «Дикий Арманға» қолдау білдіріп, жазба жариялады.
Алматы, NEGE. «Бүгін Арман бауырымызға және оның жанындағы бауырларымызға қатысты қатаң үкім шықты. Бұл жүрегімізге ауыр тисе де, біз мұсылман ретінде Алла Тағаланың сынақтарына сабыр етіп, әр нәрсенің хикметін түсінуге тырысамыз. Алла Тағала жүрегімізге сабыр беріп, бұл қиыншылықты жеңуге күш-қуат нәсіп етсін!
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
«Сөзсіз, Біз сендерді біршама қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңнің, жандарыңның және өнімдеріңнің кемшілігімен сынаймыз. Сабыр етушілерді қуант! Олар – бастарына бір қайғы келгенде: «Шын мәнінде, біз Алланікіміз және ақырында Оған қайтамыз», – дейді (Бақара сүресі, 155-156-аяттар).
Сабыр – мұсылманның ең әсем қасиеттерінің бірі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мұсылманның жағдайы қандай керемет! Оның әрбір ісі қайырлы, ал мұндай жағдай тек мүмінге ғана тән. Егер оған бір қуаныш келсе, шүкіршілік етеді, бұл – оның игілігіне. Ал егер оған бір сынақ келсе, сабыр етеді, бұл да – оның игілігіне» (Муслим).
Арман бауырымыз бен оның отбасысына бұл сынақ үлкен емтихан екені сөзсіз. Бірақ әрбір қиындықтың артында жеңілдік бар екенін ұмытпайық. Алла Тағала былай дейді:
«Шынында, қиындықпен бірге бір жеңілдік бар. Анығында, қиындықпен бірге бір жеңілдік бар» (Инширах сүресі, 5-6-аяттар).
Бұл сәтте біз бауырларымызға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, дұғада болуымыз керек. Алла Тағала барлығымызға сабыр мен иман берсін, бұл сынақтың ақырын жақсылыққа айналдырсын. Арман бауырымыз бен оның отбасына Алланың мейірімі жауып, жүректеріне тыныштық нәсіп еткей», - деп жазды ол.