USD
USD
USD

Ауылға барған медицина мамандарына қандай қолдау бар?

Ауылдық жерге жұмысқа барған дәрігерлер мен басқа да медицина мамандары «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы бір реттік көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген несие ала алады. 2026 жылы көтермеақы мөлшері 432 500 теңгені, ал тұрғын үй несиесінің ең жоғары сомасы 10,8 миллион теңгені құрайды.

.
Фото: gov.kz

​Астана, NEGE. Медицина қызметкерлерін ауылға тарту мәселесі жаңа медициналық нысандардың салынуына байланысты өзекті болып отыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды. Енді медициналық пункттерді, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды тиісті мамандармен қамтамасыз ету қажет.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда елдегі медициналық ұйымдарда дәрігерлер бойынша 23 161, ал орта буын медицина қызметкерлері бойынша 22 649 бос штаттық бірлік тіркелген. Бұл көрсеткіш бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне қатысты болғанымен, мамандарды ауылдық жерлерге тарту кадр саясатының негізгі бағыттарының бірі болып отыр.

Көтерме жәрдемақы қанша?

«Дипломмен ауылға» жобасы аясында медицина қызметкеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы төленеді. 2026 жылғы есеп бойынша, оның мөлшері 432 500 теңгені құрайды.

Бұл қаражат маманға жаңа жұмыс орнына көшкеннен кейінгі алғашқы тұрмыстық шығындарын өтеуге беріледі. Көтерме жәрдемақы несие емес. Сондықтан маман жоба шарттарын орындаған жағдайда ақшаны мемлекетке қайтармайды.

Көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй несиесіне бір мезгілде өтініш беруге болады. Бірақ екі қолдау түрі бойынша өтініштер бөлек қаралып, жеке шешім қабылданады.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2009–2024 жылдары «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алған. Олардың 24,4 мыңы немесе 21,4 пайызы – денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

Тұрғын үй несиесінің көлемі қандай?

Жобаға қатысушы медицина маманы жұмыс істейтін елді мекеннен тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға жеңілдетілген бюджеттік несие ала алады. Несиенің ең жоғары мөлшері елді мекеннің мәртебесіне байланысты.

2026 жылы:

  • ауданның әкімшілік орталығында тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 2500 АЕК-ке дейін, яғни 10 812 500 теңгеге дейін;
  • басқа ауылдық елді мекендерде 2000 АЕК-ке дейін, яғни 8 650 000 теңгеге дейін несие беріледі.

«Отбасы банктің» қазіргі шарттарына сәйкес, несие 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 1 пайызбен беріледі. Несие беру және оған қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды.

Қаражат маман жұмыс істейтін елді мекеннен баспана сатып алуға немесе сол жерде үй салуға жұмсалуға тиіс. Жақын туыстардан тұрғын үй сатып алуға болмайды. Сонымен қатар медицина қызметкері өзі тұрақты тұрып жатқан баспананы осы несие арқылы рәсімдей алмайды.

Барлық қатысушыға ең жоғары сома беріле бермейді. Несиенің нақты көлемі сатып алынатын тұрғын үйдің бағасына, кепіл мүлкіне, өтініш берушінің құжаттарына және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа байланысты анықталады.

Маман ауылда қанша жыл жұмыс істеуі керек?

Жеңілдетілген тұрғын үй несиесін алған медицина қызметкері ауылдық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымында өз мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттенеді.

Маман осы мерзім аяқталмай тұрып жұмыс орнын ауыстырғысы немесе ауылдан көшкісі келсе, бұл мәселені жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісуі қажет. Шарттағы міндеттемелердің орындалмауы берілген әлеуметтік көмекті қайтару мәселесін туындатуы мүмкін.

Сондықтан өтініш берер алдында медицина қызметкері жұмыс мерзімі, тұрғын үйге қойылатын талаптар және қаржылық міндеттемелер көрсетілген шартпен мұқият танысуы керек.

Қазір оқып жатыр

Қазақстандықтардың 47,7%-ы спортпен айналысады: дене белсенділігінің күнделікті нормасы қандай?

Ат спорты

1 қыркүйектен бастап Алматыда көліктерді тексерудің жаңа түрі енгізіледі

техникалық тексеру

Қазақстанға 1,1 трлн теңге қайтарылды: заңсыз активтер қайда жұмсалып жатыр?

Құрылыс компаниялары

Ақмола облысында мемлекеттік қызметкер құмар ойынға 6 млн теңгедей қаржы салған

құмар ойын, онлайн казино