Ауылға баратын дәрігерлерге 9 млн теңгеге жуық көтермеақы беріледі
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты.
Алматы, NEGE. Мәжіліс бүгін жалпы отырыста денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңды қабылдап, Сенатқа жолдады.
«Ауылдағы дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесін шешу бойынша AMANAT партиясы берген уәдесін орындадық. Енді осы дәрігерлер 9 миллион теңгеге жуық қаражатты бір мезгіл көтермеақы ретінде алады. Бұл ауылдағы дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге өте маңызды болады. Бұл ретте дәрігер 5 жыл сол жерде жұмыс істеуі керек. Біздегі басты мәселе – ауылға мықты мамандарды әкелу және соған ынталандыру. Қазірдің өзінде өз мамандығында 3 жыл істеу талабы бар. Ең төменгі жалақы мөлшері де жыл сайын арта береді. Сондықтан, дәрігерлерге айтарымыз, бірреттік ақыны алған соң, сол ауылда жұмыс істеп, орнығуы керек», - деді А.Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.
Өңірлерге сапар барысында тұрғындар медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесін көтерген болатын. Осылайша ауылдардағы медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін жүйелі шешу қарастырылып отыр.
Медицина қызметкерлеріне медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру немесе мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығы да беріледі.
Медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдауда басымдыққа ие болады. Ал қызметтік міндеттерінің салдарынан қайтыс болған немесе мүгедектігі анықталған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылдау ұсынылды