Ауылдың аңғал баласы болып отыр – Бишімбаев өзін Байжановтың бопсалап жатқанын мәлімдеді
Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіру ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында Бақытжан Байжанов Қуандық Бишімбаевтың тарапынан қысым көріп жатқанын атап өтті.
Бүгінгі сотта Бишімбаев мұны жоққа шығарып, Байжановтың өзін бопсалап жатқанын мәлімдеді.
«Байжанов, әрине, бәрін бұрмалап отыр. Тергеу изоляторында отырған кезімде маған қаржылық құжаттарды бермей бопсалады. Анам тұрғын үй кешеніндегі пәтерге инвестиция жасаған. Байжанов сол жерде жұмыс ісетеді. Инвестициялық келісім бар, соған сәйкес анам мүлікті алуы керек болған. Кезінде Байжанов осы жобаға қатысты, жәбірленуші (Салтанаттың ағасы) жеңілдік сұрады, мен оған осы мәселелерді реттеуді тапсырдым. Құжаттар Байжановта қалды. Сол себепті менің отбасым қол қойылған келісім бойынша ешқандай мүліктік немесе заңды құқықтарды ала алмайды.
Мен Байжановқа жақсы жұмыс істесе, оның өтеуі ретінде пәтер беремін деп уәде еттім. 5 ай бойы VIP бөлмеге кіргенін айтпауымды өтініп, бопсалап жатыр», - деді Бишімбаев.
Бишімбаевтың айтуынша, Байжанов Салтанатқа мүсәтір спиртін алып кірген.
«Ол мүсәтір спиртін VIP бөлмеге алып кірді де, алып кетті. Мен оны қалай қолданатынын мүлде білмеймін. Ол сонда 10 минут болды. Құжаттарды талап етіп жатқаныма 5 ай. Ол құжатты өзінің мүсәтір спиртін алып келгенін, VIP залда 10 минут болғанын, Нүкенованың ұйықтап, қорылдап жатқанын көргенін куәліктен алып тастаған кезде қайтарып беремін деді. Ол өзін ауылдың қарапайым баласы ретінде көрсетуде, алайда ол менен пәтер талап етіп, бопсалап отыр», - деді Бишімбаев.