18 Қараша 13:57
...

Ауыл шаруашылығы министрі танымал «шайн мускат» жүзімінің құрамын тексеретін болды

Shine Muscat
Фото: pixabay.com

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде корей жүзімі немесе «Shine Muscat» деп аталатын жүзім түрі қызу талқыланып жатыр. Аталмыш жеміске қатысты журналистер Мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сұрақ қойды. 

Алматы, NEGE. Журналистердің сұрақтарына жауап берген министрлік басшысы Қазақстанға келетін әрбір өнім тексерілетін алға тартты. Оның айтуынша, егер жемістер Қазақстанға заңды түрде кірген болса, онда олар барлық тексеруден өтіп қойған.

Алайда жүзімнің құрамында көп мөлшерде нитрат бар деген ақпарат тарап жатыр. 

«Қайтадан тексеріп көрейік. Өтініш жазыңыз, біз оны қайтадан тексереміз және сізге нәтижесін көрсетеміз. Бірақ шын мәнінде, өнім келіп, сертификаттар берілген кезде, біз оларды міндетті түрде зертханаға тапсырамыз. Сондықтан біз мұндағы зертханамызды жаңа құрал-жабдықтармен нығайтпақпыз. Ветеринарияға арналған тоғыз жабдықты сатып алып жатырмыз. Осылайша бізге өнімнің сапасын тексеру оңайырақ болады», - деді министр. 

Министр танымал жүзімнің дәмін татып көрмегенін айтты.

«Жоқ, оны әлі жеп көрген жоқпын. «Корей» жүзімдерін тексеріп көрейік. Шекарадан өткен болса құжаттары, анықтамалары бар деп ойлаймын. Егер заңсыз жолмен келсе, басқа мәселе. Бүгін комитет төрағасына тапсырма беремін. Ол үлгісін алып, тексеріп көрсін», – деді Сапаров.