7 Мамыр 10:08

«Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы басталды

Кітап
Фото: ғаламтордан

Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрі мәлімдеді.

Алматы, NEGE. Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында шараның мән-маңызына тоқталып, бастаманың өзге сала өкілдері тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталды. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген болатын. Осы орайда «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акцияны бастадық», - деді министр.

Аида Балаева акция аясында Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған жеріне әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттер тарту еткенін тілге тиек етті.

«Бұл акцияны өзге әріпестерім, министрлер қолдап, бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді. Мәселен, Ішкі істер министрі, Ауыл шаруашылығы министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Батырбекұлы жеке атсалысып, бірқатар өңірдегі ауыл кітапханаларына 100 кітаптан табыс етіп жатыр. Бұл бастама арқылы шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Акцияға өзге мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтар атсалысады деп сенеміз», - деген Аида Балаева.