Ауған қызы әке-шешесін өлтірген содырлардан кек алды (видео)
Ауғанстанның шалғайдағы провинцияларының бірінде тұратын бойжеткен «Талибан» қозғалысының екі содырын өлтірді. Олар қыздың ата-анасын атып тастаған.
Алматы, NEGE. Ауғанстандағы ауылдардың бірінде бірнеше жігіт үйдің есігін қақты. Түнгі сағат бір еді. 15 жастағы Қамар Гүл түсектен тұра сала інісін құшақтап алды. Көрші бөлмедегі ата-анасы есікті ашуға барған. Оның арғы жағында тәліптер тұрған.
Содырлар Қамар Гұлдің әке-шешесінен есікті ашуды талап етті. Олар ашпады. Бірнеше минуттан соң қарулы топ үйге басып кірді.
«Олар анамды көшеге алып шығып, атып тастады. Одан соң әкемді де көшеде атып өлтірді», – деді Гүл Азаттықтың Ауған редакциясына телефон арқылы.
Бұл уақытта Гүл АК-47 автоматын алып, үйге кіргісі келген содырларға оқ атты. Бойжеткен екі содырды өлтіріп, үшіншісін жаралады. «Мен көп содырдың екеуін өлтірдім», – деді Гүл. Сол кезде үкімет жағындағы сарбаздар келіп, қалған содырлардың ізіне түскен.
«Мен «Талибан» содырларын өлтіргеніме өкінбеймін. Олар менің әке-шешемді өлтірді. Мен тәліптермен қасық қаным қалғанша күресемін», - дейді бойжеткен. Гүл мен оның 12 жастағы інісін үкімет қауіпсіз орынға көшірді.