3 Ақпан 11:39
...

Атыраулық әйел депутат күйеуінен 12 жыл зәбір көргенін мәлімдеп, Тоқаевтан көмек сұрады

Нұржамал Тәжғалиева
Фото: әлеуметтік желіден

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айбар Ерекешовтің бұрынғы әйелі Нұржамал Тәжғалиева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғауды сұрап, үндеу жолдады. Ол күйеуінің 12 жыл қорлық көрсетіп, соққыға жыққанын мәлімдеді. 

Алматы, NEGE. Арызданушы Нұржамал Тәжғалиеваның айтуынша, екеуі отау құрған жылдары Ерекешов оны жүйелі түрде ұрып-соғып, қорлаған. 2018 жылы Айбар Ерекешов оның басын ұялы телефонмен ұрып жіберген, ал 2023 жылы оған тағы да күш қолданған.

Айбар Ерекешов
Фото: gov.kz

Нұржамал Тәжғалиеваның айтуынша, ажырасқаннан кейін бұрынғы депутат күйеуі төрт баласына алимент төлеуден де жалтарған. Қазір алимент бойынша 6 миллион теңгеге жуық қарыз жиналған. Жеке сот орындаушысы қойған шектеулерге қарамастан, депутат оларды өтеуге тырыспапты. Оның үстіне Ерекешов алимент төлеуден қашып, балаларын тартып алмақшы болған. 

Сонымен қатар, бұрынғы әйелі Ерекешовтың атыс қаруы бар екенін және оны заңсыз пайдаланғаны үшін бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Әйел бірнеше рет полицияға арыз жазған. Бірақ күйеуі мен ата-анасының қысымынан соң қайтарып алған. Себебі ер адам түзелуге уәде берген. Ал полиция оның барлық әрекетін жасырып отырған көрінеді. Облыстық полиция аталған оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. 

Арызданушы Нұржамал Тәжғалиева президенттен зорлық-зомбылық, дене жарақатын салу, алимент төлеуден қасақана жалтару және мүлікті заңсыз иемдену баптары бойынша қылмыстық істің қозғалуына ықпал етуді сұрады. 

Айбар Ерекешовтің өзі бұрынғы әйелі айтқан айыпты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұрынғы әйелінің айтқандарының барлығы өтірік, жала. Ол ешқашан оған қол көтермегенін және ол айтқан жарақаттардың басқа себептермен болғанын алға тартты.