25 Қараша 12:28
...

Атыраудағы базардың қасапхана жұмысшысынан сібір жарасы анықталды

Денсаулық, тексеру
Фото: Фото: pixabay.com

Өткен аптада Атыраудағы мал сататын базарда өлген сиырдан сібір жарасы анықталып, қасапханада жұмыс істейтін бір адам ауруханаға түскен еді. Ауруханада жатқан адамның сібір жарасын жұқтырғаны расталды.

Алматы, NEGE. Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында 20 қарашада карантин енгізілді. Оған өлген сиырдан сібір жарасының анықталғаны себеп болған.

«Зертханалық талдау нәтижелері бойынша мал сою пунктінің бір жұмысшысынан тері сібір жарасы диагнозы расталды. Науқас ауруханада жатыр. Оған бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес емдеу жүргізу қолға алынды. Қазір оның жағдайы тұрақты. Өзге адамдардан аурудың белгілері байқалмады», — деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.

Оның айтуына қарағанда, инфекция ошағында санитарлық және ветеринариялық нормаларға сәйкес жұмыстарды жүргізу жалғасып жатыр.

«Ветеринариялық бақылау мамандары карантиндік аумақта тұрған малдың барлығын толық вакцинациялауды аяқтады. Бұл аумақта дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сібір жарасы ауруының анықталуына байланысты Атырау облысына ірі қара мал әкелуді бақылау үшін төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті орнатылды. Мал әкелушілерден егу жүргізілгенін растайтын құжаттар тексеріліп, малдың жағдайы тексеріліп, термометрия жүргізілуде. Санитарлық қауіпсіздік мақсатында осындай шаралар Атырау қаласындағы мал сою пункттерінде де ұйымдастырылды. Ветеринариялық құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынды», — деп мәлім етті Руслан Жұмағазиев.