Атырауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» қорытындыланды
Атырау облысында Жұмысшы мамандықтар жылының қорытынды кеші өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, еңбек адамының беделін арттырып, кәсіби шеберлікті дамытуға үлес қосқан үздік мамандарды марапаттады.
Аймақ басшысы өз сөзінде жұмысшы мамандықтар – кез келген кәсіпорынның, өндіріс пен экономиканың негізгі тірегі екенін атап өтті.
«Бүгінгі зәулім ғимараттардың бой көтеруі, көшелеріміздің жарықтандырылуы мен тазалығы – жұмысшы мамандық иелерінің еңбегінің нәтижесі. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл жыл – жұмысшы мамандықтарын дәріптеп қана қоймай, олардың қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға, абыройлы әрі қажетті кәсіп екенін ұғындыруға бағытталған маңызды бастама.
Бұл – бір ғана мамандық иесін немесе бір адамды марапаттаумен шектелетін шара емес. Бұл – осы салада адал еңбек етіп жүрген барша азаматтарға ел атынан білдірілген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі. Біз осылайша жұмысшы мамандықтарын ұлықтап, олардың қоғамдағы беделін арттыруды мақсат етеміз», – деді облыс әкімі С.Шәпкенов

Жыл қорытындысында өңірде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, дуалды оқыту жүйесі кеңінен енгізілді. Құрылыс саласы бойынша колледждер альянсы құрылып, бірқатар оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Сонымен қатар, облыс мектептерінде 30 бейінді сынып ашылды.
Кеш барысында халықаралық және республикалық WorldSkills, EuroSkills, MedSkills және өзге де кәсіби шеберлік чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік түлектер мен студенттерге облыс әкімінің Алғыс хаты және арнайы сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегіне берілген нақты қолдау болды.
Сондай-ақ жұмысшы кадрларды даярлауға үлес қосқан педагогтер және өндіріс орындарының өкілдері мен кәсіпкерлерге облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталды.