3 Ақпан 12:06
...

Атырауда жоғалған отбасы: күдіктінің бес перзенті Балалар үйіне орналастырылды

күдікті
Фото: qamqor.gov.kz

Атырау облысы Махамбет ауданында жоғалып кеткен ерлі-зайыптыны өлтірді деп күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевтің балалары мемлекет қамқорлығына алынды.

Астана, NEGE. 2 ақпанда Атырау облыстық білім басқармасына полиция департаментінен балаларға қатысты жедел шаралар қабылдап, оларды қауіпсіз жерге орналастыру жөнінде ресми хат түскен, – деп жазады Ақ Жайық.

Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен үш бала уақытша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді. Ал үш және екі жастағы екі бала арнайы балалар үйіне орналастырылды.

Басқарма өкілдері балалардың жағдайы бақылауда екенін, уәкілетті органдар олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің бір айдан астам уақыт бойы хабарсыз кеткенін хабарлаған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.

6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің сарайынан табылғаны хабарланды. Қазіргі таңда отбасының тағы екі мүшесі – 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев іздестіріліп жатыр.

Ерлі-зайыптының өліміне күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев күдікті ретінде танылып, оған облыстық полиция департаменті іздеу жариялады.