25 Қыркүйек 17:56
...

Атырауда түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушыға 30 млн теңге айыппұл салынды

Қылмыстық іс
Фото: ғаламтордан

Атырауда қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №75 мекемесі бастығының міндетін атқарушыға 30 млн теңге айыппұл салынды.

Алматы, NEGE. Атырау қалалық №2 сотының ақпаратына сүйенсек, сотталушыға пара алғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.

Сот материалындағы дерекке қарағанда, Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын №75 мекеме бастығының міндетін атқарушы сотталған ер адамның ағасынан 1 млн теңге көлемінде пара алған. Сөйтіп, сотталушыны шарушылық жұмыстарына қалдырылғандардың санатына ауыстырып, тергеу изоляторында қалдырмақ болған.

«️Қылмыстық іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру тәртібімен келіп түсті. Сотталушы өзінің кінәсін толықтай мойындап, жинақталған дәлелдерге дау келтірмеді. Сот отырысында дәлелдерді зерттеуді талап етпегендіктен сот талқылауы қысқартылған тәртіппен қаралды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Прокурор сотталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына, бас бостандығынан 3 жыл 6 ай мерзімге айыру жазасын тағайындауды, «әділет подполковнигі» арнайы шенінен айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін толықтай мойындап, жеңіл жаза түрін тағайындауды сұрады.

Сот сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балаларының барын, кінәсін мойындағанын, өкінгенін ескеріп, мұны жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 млн теңге (параның 30 еселенген сомасы) мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Ол «әділет подполковнигі» арнайы шенінен айырылды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.